Қорғаныс министрлігінде цифрлық жобалар таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігінде Цифрландыру және ІТ қызметкерлері күні қарсаңында ведомствоның негізгі цифрлық жобалары таныстырылды. Шарада әскерді басқару, шақыру, даярлау және оқыту процесін өзгертетін шешімдер көрсетілді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Қорғаныс министрлігінде цифрлық жобалар таныстырылды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің айтуынша, цифрлық трансформация – Президент айқындаған стратегиялық бағыттардың бірі.

– Қазіргі армия – бұл тек күш пен қуат емес, ең алдымен интеллект, – деді ол.

Көрме аймағында 16 интерактивті алаң жұмыс істеді. Қатысушылар цифрлық сервистердің жұмысын нақты уақыт режимінде көрді.

Қорғаныс министрлігінде цифрлық жобалар таныстырылды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Негізгі жобалар:

  • «Smart әскери комиссариат» — шақыру туралы SMS-хабарламалар, автоматты тіркеу, кейінге қалдыруды онлайн рәсімдеу. Жақын уақытта медициналық тексеру де цифрланады.
  • Келісімшарт бойынша қызметке онлайн қабылдау — Jauynger.gov.kz порталы арқылы. Әскери-техникалық мамандықтар бойынша оқуға кезекке қою және жолдау жүйесі автоматтандырылды.
  • Sarbaz 2.0 — мерзімді әскери қызметшілердің жетістіктерін тіркейді, білім гранттарын әділ бөлуге көмектеседі.
  • Бірыңғай білім беру платформасы Askeri Ziyat — Қорғаныс министрлігінің колледждері мен ЖОО-на онлайн өтінім беру мүмкіндігі.
  • ARMIA.KZ — әскери қызмет мәселелері бойынша «цифрлық кеңесші». Ол заңнама өзгерген жағдайда мәліметтерді автоматты түрде жаңартады.
  • «Бес қару» жобасы — жасанды интеллект әскери дайындық нәтижелерін талдап, атыс, дене даярлығы және арнайы пәндер бойынша жеке ұсыныстар береді.

2025 жылдың соңына дейін кадрлық есеп жүйесінде іс-сапар, демалыс билеттері, заттық аттестат және әскери атақ мерзімін көрсететін индикатор секілді сегіз жаңа модуль іске қосылады.

Қорғаныс министрлігінде цифрлық жобалар таныстырылды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Министрлікте цифрлық шешімдер уақытты үнемдеп, бюджет шығындарын қысқартып, адами факторды азайтатыны атап өтілді.

Айта кетейік, бұған дейін сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында әскери тәртіп пен әскери полицияның жұмысын реттейтін заңдарды қайта қарау қажет екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар