Қорғаныс саласына жақсы деңгейде көңіл бөлініп жатыр — Мұхтар Алтынбаев
АСТАНА. KAZINFORM — Бұрынғы Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев еліміздің Қарулы күштерін нығайту жұмыстарына қатысты пікір айтты.
— Түгел істеп жатқан бағыттары дұрыс. Жаңа министр қызметіне кірісті. Әуе қорғаныс жағынан оңтайлы өзгерістер болады деп ойлаймын. Сондықтан қорғаныс саласына жақсы деңгейде көңіл бөлініп жатыр деп санаймын. Қомақты қаражат та бағыттала бастады. Енді оны дұрыс игеруге назар аудару маңызды, — деді Мұхтар Алтынбаев Мемлекет басшысының Жолдауы алдында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қазір сырттан да жақсы техника алынып жатыр. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында да тиімді техниканы өндіруге ерекше екпін қойылған.
Еске салсақ, биыл маусым айында Қорғаныс министрі лауазымына Дәурен Жұматайұлы Қосанов тағайындалды.