Қорғаныс министрі Су-27-мен Ақтауға келді

Бұл Батыста ашылған Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің жаңа авиация базасына жауынгерлік машинаның тұңғыш рет қанат қағуы. Авиабазаның басты міндеті - біздің еліміздің көктегі және теңіздегі шептерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деп хабарлайды ҚР ҚМ Баспасөз қызметі.
Бұл ұшудың ерекшеліктерін сөз еткен кезде, оның дыбыстан да жылдам қозғалғанын, ал биіктігі он мың метрден жоғары болғанын атап өту қажет. Ұшақтар «жұптаса» ұшты, екінші қанатты машинамен Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Александр Сорокин ұшты.
- Өздеріңіз білесіздер, ертең «Орталық-2011» жаттығуының шешуші кезеңінде қазақстандық қарулы күштердің армиялық және майдандық әскери ұшқыштары мынандай Су-27 және басқа жауынгерлік машиналарға мініп құрлықтағы және теңіздегі жауынгерлерімізге қолдау көрсетіп, әуеден соққы беретін болады, - деді Қорғаныс министрі жерге қонысымен.
- Жоғарғы Басқолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындық деңгейін тұрақты бақылап отырады,-деп атап өтті Әділбек Жақсыбеков. - Қазіргі кезде біздің Әскери-әуе күштері тек көп мақсаттағы Су-27 ұшағымен ғана емес, басқа да жетілдірілген заманауи ұшу аппараттарымен жабдықталған. Өздеріңіз көріп тұрғандай жаңа авиабаза ашылуда, техникалық-пайдалану бөлімдерімен, уақытымызға қажетті инфрақұрылым жасалуда. Екінші маңызды құрамдас бөлік бұл жауынгерлік әзірлік - ұшу құрамының шеберлігі мен үйретілгендігі. Бүгінде қазақстандық Әскери әуе күштерінің ұшу деңгейі ТМД елдері ішінде ең жоғары екендігін атап өтуге тиіспін.
- Басқаша айтқанда, біздің әскери-әуе күштеріміз еліміздің әуе кеңістігін қорғау жөніндегі тапсырманы орындауға әрқашан әзір, әрі жоғары сенімге ие. Оны бүгінгі ұшу сапары дәлелдеп берді,-деді Қорғаныс министрі.
Қорғаныс ведомствосының басшысы дыбыстан да жылдам ұшақпен алғашқы ұшу сапарын өзімен бірге жүзеге асырған қос экипаж мүшелеріне алғысын білдірді.
Көп мақсаттағы, жақсартылған, терең жетілдірілуден өткен Су-27 ұшағы алыс жақын қашықтықта әуеде ұрыс жүргізуге, ұшатын және ұшқышсыз ұшатын әуе нысаналарын, жердегі нысандарды, жауды қару-жарағымен адамдарымен жойып жіберуге арналған.
Су-27 ұшағы ауа райының кез келген метео жағдайына қарамастан жауынгерлік тапсырманы орындауға қабілетті және оның әлемдегі ең тамаша ұшақ екендігі заңдылық.