Қорғаныс министрі Талдықорғанда әскери қызметкерлерге коттедж кілттерін табыс етті

ТАЛДЫҚОРҒАН. Қаңтардың 11-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенов/ - Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қаңтардың 11-і күні Талдықорған гарнизонының 36 қызметкеріне салтанатты жағдайда коттедж кілттерін табыс етті.
None
None

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, енді әскерилердің отбасы құрылысы 2008 жылдың қыркүйек айында басталған коттеджді қалашықта тұратын болады.

«Талдықорған гарнизонында тұрғын үй кешенінің іске қосылуы - ел Президенті - Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әскери қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін көтеруге, оларды Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінде қызмет етуге ынталандыруға бөліп отырған айрықша назарының тағы бір жарқын үлгісі», деп атап көрсетті қорғаныс ведомствосының басшысы.

Тұрғын үйлердің кілтін тапсыру салтанатынан кейін Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қоныс тойын тойлаған әскерилер мен олардың отбасы мүшелерін қуаныштарымен құттықтап, мол табыс тіледі.

Айта кету керек, өткен жылы Ақмола, Алматы, Приозерск, Қапшағай, Шымкент және Сарыөзек гарнизондарының әскери қызметкерлері баспанаға ие болды. 2009 жылдың қорытындысы бойынша 63 053 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ал 2010 жылы Астанада - үш көппәтерлі тұрғын үй, Ақтау, Семей және Ново-Ахмировода - екі-екіден көппәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ Алматы, Арыс, Шымкент, Щучинск, Бадам, Жетіген және Қарағанды гарнизондарының әскерилері де баспаналы болады деп күтілуде.

Бүгінгі таңда Қорғаныс министрлігі әскери қалашықтарды дамыған мемлекеттердің озық үлгісіне сай жабдықтандыру бағытында айтарлықтай қадамдар жасауда. Әскери бөлімдердің қоныстану принципі әлеуметтік қамтамасыз ету мен қызмет көрсетудің барлық түрін қамтыған әскери базалар шеңберінде шешіледі. Әскери адам қай гарнизонда қызмет етсе де, әлеуметтік тұрғыда айырмашылықты сезінбеуі керек.

Соңғы жаңалықтар