Қорғаныс министрлігі әскердегі суицид фактілерінің жиілеуін түсіндірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрлігінде әскери қызметкерлер арасында суицидті алдын алуға бағытталған «Өмірді сақта» кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат министрлікке сілтеме жасап хабарлайды.
None
None
«Соңғы кездері еліміздің күштік құрылымдарында орын алған өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің жиілеуі түсіндіруді қажет етеді. Әскери қызметшінің өлімі тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде орын алып отыр. Бағыныстылардың өмірі мен денсаулығына ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі де жауапты. Бейбіт уақытта аталған күштік құрылымдар Қарулы күштердің құрамына кірмейді және Қорғаныс министрлігі олардың қауіпсіздігін бақыламайды. Өзіне-өзі қол жұмсау сияқты шарасыз қадамға бару ол адамның туыстары мен жақындары үшін үлкен қайғы. Командирлерге де жауынгерден айырылу ауыр шығын. Қарулы күштерде болған әрбір жағдайды әскери полиция қызметкерлері және басқа да қылмыстық қудалау органдары мұқият тексереді. Тексеру нәтижелері өзіне-өзі қол жұмсау көп жағдайда әскери қызметпен байланысты емес екенін көрсетті. Әскерге шақыруға дейінгі кезеңде әскери қызметшілерді осындай әрекетке итермелейтін әр түрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек», - делінген министрлік хабарламасында.

Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің бастамасымен ғылым, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әскери ортада орны толмас шығынды барынша азайтуға және суицидтің алдын алуға бағытталған «Өмірді сақта» кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Айта кетсек, демалыс күндері бірқатар БАҚ Жамбыл облысында жауынгер өзіне қол салғаны туралы ақпарат тартты.

Жалпы биыл Қарулы күштерде 7 суицид әрекеті тіркеліп, төртеуі қайғылы аяқталған. Сонымен қатар ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскерилер арасындағы суицидке төленбеген несиелер де себепкер болып жатқанын айтты.



Соңғы жаңалықтар