«Қорғас» ХШЫО - бірегей жоба - сенатор И.Адырбеков

ҚОРҒАС. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай басқа көптеген елдермен шектеседі, бірақ та шекаралық сауда орталығын алғаш рет құрып отыр. «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы - шекаралық ынтымақтастықтың бірегей жобасы болып табылады - ҚазАқпаратқа» сұхбатында ҚР Парламентінің сенаторы Икрам Адырбеков осындай баға берді.
None
None

И.Адырбековтің айтуынша, «Қорғас» ХШЫО және Қазақстан мен Қытай арасындағы екінші теміржол желісі (Алтынкөл-Қорғас) әсіресе сауда саласында екіжақты қатынастардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Маусым айында Мемлекеттер басшылары екі елдің үкіметтеріне 2015 жылға дейін сауда деңгейін 40 млрд. долларға дейін жеткізу және жүк айналымын 2-3 есе арттыру міндетін қойған болатын. «Бұл орындауға болатын нақты цифрлар деп ойлаймын, өйткені қазірдің өзінде Қазақстан жағына қарай 15 млн. тоннадан астам жүк тасимыз, ал екінші теміржол тармағы қосылғаннан кейін бұл цифр екі есе артады, саудада да солай. Екі ел арасындағы сауда бұдан да шапшаң дамиды, 40 мың доллар - шек емес», деп атап өтті ол.

«Қорғас» ХШЫО ашылуына қатысты сенатор бұл екі ел арасындағы сауда көлемін арттыра түсері сөзсіз, деп қосты. Жаңа өндірістер ашылады, оларға елеулі жеңілдіктер беріледі. «Қорғас» шекаралық ынтымақтастық орталығы екі ел халықтарының игілігі үшін қызмет атқаратынына сенемін», - деп түйіндеді И.Адырбеков.

Естеріңізге сала кетейік, «Қорғас» ХШЫО жобасын құру мәселесі алғаш рет Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2002 жылы желтоқсанда Қытайға сапары кезінде айтылған болатын. Ол ҚР мен ҚХР арасындағы шекаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени ынтымақтастықты дамыту мақсатын көздейді.

«Қорғас» ХШЫО «Қорғас» индустриялық-логистикалық хабының құрамдас бөлігі, оның құрамына сондай-ақ «Қорғас-Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағы, «Жетіген-Қорғас» теміржол желісі, әуежай және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы кіреді.

«Қорғас» ХШЫО-ның жалпы көлемі 528 гектар, оның ішінде қазақстандық бөлігі - 185 гектар, қытайлық аумағы - 343 гектар. Шекаралық ынтымақтастық аймақты құрудың негізгі ұстанымы - оның шекарасында Қазақстан, Қытай және үшінші елдер азаматтарының еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ету болып табылады.

Соңғы жаңалықтар