«Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ның бірінші кезеңіндегі нысандарды 2015 жылдың маусым айында аяқтау жоспарлануда
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Қазақстанның жаңа индустрияландырылуы: 2014 жыл мен алғашқы бесжылдықтың нәтижелері» жалпыұлттық телекөпірдің аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынып отырған «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА трансұлттық жобасының құрғақ портының бірінші іске қосу кешені жұмысқа қосылған еді.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың стратегиялық нысандар құрылысының ауқымды алаңында облыс әкімінің жұмыс тобы, «ҚТЖ ҰК» АҚ-ның президенті Асқар Мамин, аудан басшылығы, «ҚТЖ ҰК» АҚ-ның қызметкерлері мен ірі құрылыс компанияларының өкілдері орындалған жұмыс көлемімен, логистикалық-индустриялық аймақты қалыптастыру үшін қажетті инфрақұрылым құрылатын құрғақ порт құрылысының барысымен танысты», - делінген хабарламада.
А.Баталов сондай-ақ «Bi Group Corporation» компаниясының құрылыс алаңына барып, онда «ҚТЖ ҰК» АҚ-ның қызметкерлерімен, құрылыс компанияларының басшылығымен кеңес өткізді. Оның барысында құрғақ порт нысандарын одан әрі салу, қосымша жұмыс күші мен техниканы тарту бойынша мәселелер талқыланды.
Облыс басшысы Амандық Баталов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның президенті Асқар Мамин құрылыс компанияларына өткізіліп отырған жұмыстардың қарқынын тездетіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында жергілікті тұрғындарды жұмылдырып, ағымдағы жылдың маусым айында «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ның бірінші кезеніндегі нысандарының құрылысын аяқтауды тапсырды.
«Бүгінгі күні құрылысшылар топырақ төсеу, қос жолды өткел құрылысын, "Қорғас-Алматы» тоннель үлгісіндегі көлік айрығын, сондай-ақ әрлеу жұмыстарын және басқа да көлемді жұмыстарды атқарды. Енді өндіріс алаңдарының құрылысы, еркін экономикалық аймақ қызметкерлері үшін заманауи қалашықтың іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті», - делінген хабарламада.