«Қорғау» қосымшасы полицейге қауіпті жүргізуші таянғаны туралы дабыл береді

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қорғау» қосымшасының арқасында көлік жүргізу құқығынан айрылған 2 285 жүргізуші ұсталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қорғау» қосымшасы полицейге қауіпті жүргізуші таянғаны туралы дабыл береді

«Ішкі істер министрлігі әзірлеген «Қорғау» қосымшасы полицейге жол ережесін бұзушыны анықтауға мүмкіндік береді. Бағдарлама көше камераларының деректерін талдай отырып, жақын маңдағы полицейдің планшетіне қауіпті жүргізушінің оған жақындағаны туралы дабыл береді. Ол жол қозғалысы ережесін қасақана бұзушы немесе машинаны жоғары жылдамдықпен басқаратын жүргізуші болуы мүмкін», - деді Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның баспасөз алаңында өткен брифингіде.

Оның атап өтуінше, қазір мұндай жоба Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Атырау және Түркістан қалаларында жүзеге асырылып жатыр.

«Аталған өңірлерде 1 мыңнан астам автокөлік айып тұрағына қамалды, 13,5 мың жүргізушінің автокөліктерінің нөмірлік белгілері тәркіленді. Жалған мемлекеттік нөмірлерді пайдаланудың 726 фактісі анықталды. Басқару құқығы жоқ немесе бұрын осындай құқықтан айырылған 2 285 жүргізуші ұсталды», - деді ол.