Көрісу дәстүрінің тамыры тереңде жатыр – тарихшы Жаңабек Жақсығалиев

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Еліміз бойынша 14 наурыз күнгі Көрісу дәстүрі Қазақстанның тек батыс облыстары мен соған іргелес жатқан Ресейдің негізінен қазақтар мекендейтін өңірлеріне ғана тән. Неліктен олай? Осыған орай М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихаттың депутаты Жаңабек Жақсығалиев өз ой-толғамын ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

-Мұқият көз тоқтатқан адам көрісудің географиялық аумағы байтақ Қазақстанның негізінен Кіші жүз территориясымен шектелетінін аңғарары хақ. Неге бұлай? Демек, көрісудің құпия кілтін ашқымыз келсе, өлке этнографиясының ерекше қыры мен сырына тереңірек үңіліп, өңір тарихының тұңғиығына бойлай түскеніміз жөн, - дейді ғалым.

-Жаңабек Жаңабайұлы, алдымен Көрісу (Амал) ғұрпының тамыры қайда жатқанына тоқталсаңыз?

-Осы дәстүрді індете зерттеген этнографтар мен тарихшылар аталмыш салттың төркінін көне түркі-монғол дәстүрімен байланыстырып жүр.

Мәселен, Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттеген Андрей Астафьев «Амал (Көрісу) мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарда жатқанына» зер салса, тарихшы Асылбек Байтанұлы «Шаған (Цаган сар) - моңғол халқының дәстүрлі жаңа жыл мерекесі күнінде тойланатын «Золгох« (Жолығу) дәстүрі мен біздегі Көрісу күнінің тұспа-тұс келуінде ерекше мән бар екеніне» көңіл бөледі. Келтірілген ой-тұжырымдардан нені байқап, қандай жайтты аңғаруға болады? Осы ретте әлі күнге дейін жұртшылық көп назар аудара қоймаған өңір тарихындағы бір жасырын сырды суыртпақтауға болатын сияқты.

-Ол қандай сыр?

-Ш.Уәлихановтың пайымдауы бойынша «Еділ мен Жайық – орыстардың Алтын Орда деп атайтын жері». Әлбетте, Еділ-Жайық аралығы – Алтын Орданың эпицентрі, астаналары Сарай-Бату мен Сарай-Берке – Еділдің, Сарайшық – Жайықтың бойында жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Зерттеуші В.Л.Егоров «Алтын Орда аумағында 110-140 қала болғандығын» сипаттаса, тарихшы Э.Зиливинская олардың саны «210 шаһарға жеткеніне» сенімді. Солардың бірі – өзіміздің Орал қаласының іргесіндегі Жайық қалашығы (13-15 ғғ.).

Сол Алтын Орда заманынан күні бүгінге дейін еш өзгеріссіз жеткен қаламыздағы бірнеше топонимикалық атауларға тоқталуға болады. Мысалы, «Курень», «Перевалочная роща», «Басқақ көпірі», «Хан тоғайы», «Қырықкөл», т.б. немесе Ақ Жайық өңіріндегі жер-су атауларының моңғол қабатынан көптеген мысалдарды тізіп, Шаған, Шыңғырлау, Нарын, Сайқын, Далбын, Шоңай, Жәнібек, Шағатай, Түмен, Мұқыр, Қалдығайты, Жымпиты, Бұлдырты, т.с.с. жалғай беруге болады. Бір қызығы, моңғолдың жаңа жыл мерекесі Шаған (моңғолшадан аударғанда «ақ өзен», «пәк су» деген мағынаны білдіреді екен) атымен аталатын Орал қаласының түбінде өзеннің бар екені де кездейсоқ емес сияқты. Моңғол империясының құрамына енген ел ретінде мұндай атаулар Қазақстанның өзге де өңірлерінде кездесететіндігін айрықша атап өтеміз.

Қысқасы, Еділ-Жайық аралығындағы Алтын Орда мен Ноғайлы тарихын мұқият саралау өлке тарихының ақтаңдақтарын ашуға септігін тигізері анық. Қала мәдениеті мен дала мәдениеті ерекше астасып, өзара үйлесім тапқан ғажайып дәуір халық аузында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жеткен. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың: «Жәнібек (біздіңше, бұл жерде Алтын Орда ханы Жәнібек Өзбекұлы (1342-1357) айтылып тұрған сияқты) билік құрғанда, туыстас қазақтар мен ноғайлар бірге көшіп-қонған, ол кез қазақ жырларында алтын ғасыр деп аталады. Қазақтардың көптеген аңыз-дастандары да сол ғасырға дөп келеді. Сондай-ақ, Жиренше шешеннің бірлік, тәлім-тәрбиелік нақылдары, әділ хан Әз-Жәнібек те, Ноғайлардың философ-данасы Асан-Қайғы да осы күнге дейін далалықтардың аузынан түспейді» деп тамсана жазуы бекерден-бекер емес. Бұл біздің бабаларымыздың күндей күркіреген дәуірі-тін. Кіші жүз аумағында кеңінен таралған осы ғұрыптан еліміздің өзге өңірлеріндегі бауырларымыз неліктен хабарсыз деген сауал әр қазақты мазалап, ойландырары сөзсіз.

Осы орайда тарихшы Б.Ермұқанов инженер М.Тынышбаевтың зерттеулеріне иек артып, «Ұлы жүздің қазақтары жалпы Алтын Орданы білмесе, Орта жүздің қыпшақтары мен арғындары Алтын Орда мен ноғайлар жайындағы батырлар жырының алшындардан шыққанын біраз біледі», - деу себебіне көз жіберген дұрыс сияқты.

Неге? Өйткені Атыраудан Алтайға, Арқадан Алатауға дейін жайылып жатқан, ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-ғайыр далада шашырай орналасқан ат төбеліндей аз ғана қазақтың: «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген тәмсілін түсінудің еш қиындығы жоқ. Қалай болғанда да қазақ этногенезінің қалыптасуында «моңғол факторын» жоққа шығару әсте қиын. Қазақ халқының салт-дәстүрінің өзегі көне түркі-моңғол симбиозында (қоспасында) жатыр һәм соның дәлеліндей көптеген әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрімізде ұқсастықтар көп. Оның бәрін жіпке тізе берсек, тақырыптан ауытқып кетуіміз мүмкін.

-Қорыта айтқанда, қандай түйінге келуге болады?

-Таңданарлығы сол, бізге жеткен тарихи деректер 15-ғасырға дейінгі Ресейде де 14 наурыз Жыл басы боп есептеліп, дүркірей тойланғанынан хабар береді. Атағы айға жетіп, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» боп тұрған Алтын Орданың айбынды хандарына салық төлеп, пұшайман күйге түскен қоңсыларымыздың жай-күйі көз алдыңа келеді. Кешегі күні төрткүл дүниені тітіренткен Алтын Орданың шексіз құдіретіне тағы бір таңқалып, шіркін, біздің бабалар-ай, дейсің де қоясың?! Ойымызды тобықтай түйсек, Көрісу күніне орай зерттеу жүргізген этнограф-ғалымдардың пайымдары мен осы салт-дәстүрдің географиялық ерекшелігіне байланысты туындаған ойларымыз бен болжамдарымыздың қысқаша түйіні осы!

-Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар