Көркем әдебиет жайлы естелік

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біз қызықпыз. Кейде өтірікті көп айтамыз осы. Біз дегенің - әдебиетшілер. Мейлі ақын, мейлі жазушы, мейлі ғалым. Біреуден атын естіген жазушы яки ақынның шығармасының мазмұнын екінші беруден сұрап аламыз да, оқыдым дейміз. Жай ғана емес, жаһанға жар салып. Жиын, тойларда «бәленбай айтпақшы, түгенбай демекші...», - деп толқи сөйлеп тұрған жылы жүзді жан көре қалсаңыз, сол - біз. О, біз істен гөрі сөзге жақынбыз, сондықтан ғой сөйлейтініміз.
None
None

Оның үстіне... Жазатын ауруың бар екенін білетін қарапайым адамдардың ортасында «білмеймін», - деп ауызды қу шөппен қалай сүртерсің. «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын?» - деп еді ғой Абай да. Қалам ұстайтын «қасиетті» адам бәрін білуге тиіс. Жұрт солай қабылдады, атыңа затың сай болсын. Бұл үшін біздің ұсынарымыз біреу ғана: Қарап жүрмей құлағыңды құрау-құрау ауыз екі әңгімелерге қыстырылып жүретін данышпандардың жамау-жасқау сөзіне түре білуді меңгерген жөн алдымен. Біреу басын айтса, аяғын басқадан естисің. Түк қиындығы жоқ оның.

Біз - қумыз. Әккі саясаткерміз. Бір жолдық сөз жазу үшін он жолдық «бопты» мен «дептіні» түгендейміз, міндетті түрде. Себеп сол, ішке сыймай бара жатқан білімді сыртқа шығару керек. Бүгінде ең құрығанда басыңа баспана алып берерлік қауқары қалмаса да білімдар бола бергіміз, бола бергіміз келеді. Елді қойшы, алдау оңай. Біз тіпті өрісі бір әріптестерімізді алдаймыз. Және алданамыз. Бір-бірімізге білімді, оқыған адамға тән қасиетпен мәдениетті түрде қыр көрсетеміз. Бір-біріміздің сөзімізге сенеміз. Өтірік екенін біле тұра сене береміз. Қайтесің енді, өз қолыңды өзің қалай кесерсің. Иә, кемедегінің жаны бір...

Әлбетте, қарға қарғаның көзін шұқымайды. Анда-санда (әсіресе құрылтай кезінде) бір-бірімізді аямай сілкілеп алатынымыз болмаса. Әйтеуір, әзірге бас жарылып, тіс сынғаннан аманбыз. Сөз сүйектен өткенмен - сындырмайды. Тек, аздап сырқыратқаны ғана...

Е, бұл пендешілік деген шіркініңнің де қыстырылмай жүретін жері жоқ-ау.

Өзімізді қоя тұрайық, үй сыртында кісі бар. Сырт көз аталады. Қарапайым оқырман. Рас айтасыз, соңғы сөз қолданыстан шыға бастағалы да біраз болды. Емге табылмайды деп есімізді шығарып еді біреулер, шүкір көзге тамызуға артығымен жететіндей қалыпты. Бар екен. Көп болмаса да бар әзірге. Олар ешкімнің мансабын білмейді. Ал, шығармасын тізіп бере алады. Көркемдігі, стилі туралы сөз қозғап миыңызды ашытпайды, тікесінен айтады. Оқуға жарайды, оқуға жарамайды. Жақсы кітап, жаман кітап. Болды! Енді аздап бізге еліктейтіндері кездесіп қалады. Әлгі жиын-тойда сөз арасына салып... Олар да пенде ғой, ара-тұра мұндай тентектер болмай тұрмайды. Дегенмен, бұл жағынан бізге жете қойған жоқ. Сірә, жеткізбеспіз жуықта.

Ешқандай саясатсыз, ешқандай мүдделерге қызмет етпейтін, тек қана жүректен тікелей шыққан сөз - шындық аталса керек. Шындық та өте қарапайым. Мұқағалиша теңесек, «қазақтың дәл өзіндей...»

Қарапайым шындықты қарапайым адамдар айтады. Ал, біздің ағайын жеткіземіз деп жүріп асырып ала ма, қалай? Сондықтан бүгін біз қазақ әдебиетіне өрісі басқа болса да өресі кең бірді-екілі кітапқұмарлардың көзімен қарап көрмекпіз. Кітап оқуға деген құмарлық, бүгінгі қоғамның бел ортасында жүрген адам оқырман ретінде көзі тірі жазушылардан қандай шығарма күтеді, әдебиет атты киелі ұғымды көркем шығармадан өзге қай қырынан бағалайды һәм біледі? Жалпы айтқанда, жазушы мен оқырман арасындағы байланыс қай дәрежеде бүгінде, екеуінің деңгейі қандай деген сұрақтарға жауап табуға тырысамыз.

Мектеп кітапханасының ұрысы

Біздің қолымыз жетіп, жолымыз түскен алғашқы кейіпкеріміз мектептен табылды. Естуімізше ақындықтан саналы түрде бас тартқанға ұқсайды. Кездесу барысында өзіміз де көрдік, кәдімгідей ақындығы болғаны аңғарылады. Ойлап қалмаңыз, мынауың нағыз әдебиетші ғой деп, мамандығы - география пәнінің мұғалімі.

Танысып қойыңыз Бекбол Көшкенов. Әңгімені де осы «бас тартудан» бастадық. Себебін сұраймыз да баяғы.

- Ақын болып жарияланған жоқпыз ешқайда. Жастықтың желігі ме, басқалай атайсыз ба өзіңіз біліңіз, бала кезде аздап қиялилау болдық, сонда басталған «ауру» болу керек. Енді неге қойып кеттіңіз дегенге келсек, о баста осы жолды таңдап, түбегейлі түспегесін киелі жерді шаңға бөктіріп, бөрлігіп жүруді, іші пысқанда (әсіресе зейнетке шыққанда) осы өңірді түгендегіш келетін көп жазарманның қатарын толтырмайын дедім ғой деймін. Ең болмаса журналист болуға шамам келер ме еді деп ойлаймын кейде, дегенмен, қалам ұстауды - қасиет көретін елдің баласымыз ғой, өздігіммен жазып-сызғанмен әдебиеттің есігін қағып бармадым. Әдебиеттің қайнаған ортасында жүрмегеннен соң, уақыт өте келе қойдық.

Бұдан арғы әңгіменің қай бағытта өрбитіні айтпаса да түсінікті. Ақындық қасиеті бар жігіт болған соң әдебиеттен молырақ хабары бар екендігі өз алдына, бүгінгі бет-бейнесі, бағыт-бағдары туралы сөз қозғауға шамасы жететіні белгілі болған. Кітап оқу жайлы сөз бастағамыз. Бірден балалық шағына ойысқан.

- Алғашқы кітап оқуды «әлем халықтарының ертегілерінен» бастадық. 4 том. Үйде тете өскен әпкем бар, таласып оқимыз. Мектептен әр жолы бір томын ғана береді. Әпкем үлкендігін көрсетіп жеке иемденіп алады кейде. Амал жоқ көнуге тура келеді, бірақ, ойдың бәрі байланып қалғандай әлгі кітапқа ынтығам да тұрам. «Ит - қорыған жерге өш» деген бар ғой... Ақыры, осы талас ұрлыққа итермеледі...

Қысқасы, 4 сыныптың оқушысы кітап ұрлап, қылмыс үстінде қолға түсіпті. Баланың ісі дегенмен, ұрлық деген аты жаман, пед.кеңеске салып, мәселесін май шаммен қарайды ғой. Айтатындары белгілі, «қаршадай болып алып қымқыруды кім үйретті?» - деген лепте ортаға алып, есін шығарған көрінеді.

Осы тұста біздің тараптан бір сұрақ туындайды. Мектеп ұжымы түгел жиналғанда баланың ісіне кітапқа деген құмарлық ретінде түсіністікпен қарап, сөзін сөйлер ең болмаса бір адам шықпағаны ма?

- Гүлім деген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қорғап қалды, - дейді күліп.

«Кітап ұрлау - күнә емес», - десе керек. Осы бір ауыз сөзден кейін-ақ қорқынышты көрінген әлгі жиын баланың қылығын қызыққа балаған, күле сөйлеген сипат алған.

- Қаршадай болсам да әлгі бір ауыз сөздің әсері сондай, әлі күнге көкейімде тұрады. Кейін келе біз ғана емес білдей жазушылардың өзінің осы «мамандықты» жақсы меңгергендері жайлы алып қашпа, аңызға бергісіз әңгімелерге қанықтық. Қазір де құдайға шүкір, қолға түспейтін жинақтарды жолықтырып қалсақ әлгі бала кездегі «кәсіпті» қайталап қоятынымыз бар.

Ағынан жарылып отырған ағамыздың ләмінен әлгі тентектігіне деген мақтаныш лебі еседі.

- Бала кезімізде, - дейді кейіпкеріміз, - біз еліктейтін кісілер көп еді. Кітап оқып қана қоймай, әртүрлі отырыстарда соны әңгімелеп отыратын. Кейін өзіміз оқыған шығармалардың біразымен оқуға жетпей тұрған кездері-ақ танысып үлгергенімізді сол «ас үстінегі қысыр кеңестен» естіген таныс сюжеттер алдымыздан шыққанда байыптап жатамыз. Елімізге егемендік келіп, екі ұшты күйде тұрып қалғанда екі қолы алдына сыймай, малдан басқа күн көрісі жоқ ауылдағы ағайынның рухани сұранысын қанағаттандырған да осы көркем әдебиет болған сияқты. Бұдан сәл кейінірек кітап шығару ісі толық тоқырауға ұшыраған заманда қаптап кеткен «қызық газеттер» арзан оқиға ғана емес іске алғысыз сауатсыз стилімен-ақ елді оңай жаулап алды. Қазір ойласам, сол газеттер қол жеткісізге кеткен кітаптың орнын алмастырғандай да болыпты-ау. Сол кездерден бастап қарапайым халық әдеби шығармалардан қол үзе бастапты. Уақыт өте келе кітаптан алатын алданышын теледидардағы бітпейтін сериалдар мен кинолардан іздеп кеткенге ұқсайды. Ақыры, елдің жағдайы жақсара бастағанда ғаламторға да қол жетіпті. Қараңыз, кітаппен байланыс үзілген кезеңде дүниеге келген бір буын өсіп келеді. Мектепте кітап оқиды деген бірде бір оқушы кездестірмеймін қазір. Оқыңдар деп ақыл айтатын да ешкім жоқ. Өйткені, өздері де оқымаған. Бізге үлгі болуға тиіс алдымыздағы буын өкілдері екі ортада қалып кеткен, екі қоғамның қайсысына жататынын өздері де ажырата алмай қалған өтпелі кезеңнің құрбандары секілді көрініп кететіні бар. Не алдындағылардай кітапты оңдырып оқымаған, не кейінгілердей ғаламторды меңгермеген. Басымен қайғы болып жүрген мұндай адам кімге тұлға...

Осы бағытта біраз жер шалып қайттық. Жекелеген авторлардың атын көп атамады. Себебін сұрағанымызда, қазір әдебиетте қалыптасқан «60 жылдар өкілдерін» алдыңғы Мағжан, Мұхтар, Сәбит бастаған ақтаңдақтардан соңғы лек Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Шерхан есімдерімен шендестіріп, Оралхан Бөкейге келіп тоқтады. Тоқтады деген аз, тоқырады деуге болады. Ағынан жарып жазып жатқанымыз, өзі де жасырмап еді.

- Қазір анда-мұнда теледидар арқылы, болмаса ұзын құлақтан жас жазушылардың жаңа жинақтары шығып жатыр деп естиміз. Арнайы іздестіріп те көргем, таппадым. Бірді-екілі кездескенмен, шығармашылығымен шет жағалап болса да таныстығың болмаған соң ішінде қандай көмбе жатқаны белгісіз кітапқа ақша қимай қаласың. - Күліп қойды. - Ұлттық кітапханада бәрі бар деп естимін, өкініштісі кітапханада күн ұзақ отырып оқуға қол тимейді. Бағанадан бері өзің де байқаған боларсың, оқушы кезде оқығандардың айналасын шиырлаймыз келіп. Жоғарғы мектептің әдеби хрестоматияларын 6 сыныпта жүргенде оқып шыққам. Сондағы үзінділер кейінгі толық, қалың томдарға жол сілтепті. Соңғы буын жазушылардың танылмай жатқаны, «әдебиет өлді» дегенді айтқызып жүргені - мектеп оқулығына енгізу мәселесінің кенже қалғанынан деп ойлаймын. Баяғы Әуезов дәуіріне жалғас буыннан кейін ешкім ештеңе жазбай кеткендей болатын да тұратынының бір себебі - осы. Одан кейін біздің жазушылар жарнама дәуірін әлі түсініп болмаған сияқты. Кітапқа жарнама жасауды мықтап қолға алса. Шындаса болымсыздың өзін Балқанға жеткізіп бере алатын теледидар арқылы арнайы бағдарламалар, талқылаулар ұйымдастырса. Кітап - руханият қана емес, материалдық дүние. Кітап саудасын жолға қойса ғой шіркін. Кітап - бизнес дегенді желеулетіп, өкімет әр жазушыға өзің күн көр деді де, теріс айналды. Шет елде кітап саудасы мықтап дамығанын айтып жатамыз, солардың билігі рухани өмірден бөлініпті дегенді естідіңіз бе? Не болса да балапан - басына, тұрымтай - тұсына кеткен аумалы-төкпелі заманға әкеп тірейміз бәрін.

Әдебиеттің орнын кино басты дегенге келіспеймін. Киноны мүлде көрмеймін дегенім емес, бірақ, салыстырмалы түрде айтсам кино - өткінші жаңбыр сияқты. Әсері қысқа ғана, көресің - бір сәт әсерге бөленесің, сонымен болды...

Осы кезде жеңгеміз әңгімеге араласқан. Кітап оқитындардың арасында кітаппен өмір сүргісі келетін, осыдан келіп таным-түсінігі шынайы өмірден алыстап кететін, өз түсінігін өзгеге таңуға тырысатындар болатын көрінеді. «Мәселен, - дейді ағамызды көрсетіп, - біздің отағасы шығармалардағы әйелдердің образын оқып алады да, «әйел деген осындай болу керек», - деп маған жабысады. Жаман болғың келмейді ғой, бірақ, ешқандай кемшіліксіз болу тағы мүмкін емес. Осыны ескертіп қойшы ағаңа», - деп наз айтып қалды.

Жұлым-жұлым кітапта - арман жоқ

Екінші кейіпкерімізді алыстан іздегеміз жоқ. Өзімнің мектептегі ұстазым. Математика пәнінің мұғалімі.

Момбекова Бақытгүл. Ең көп еститіні - «сізге математик емес, әдебиетші болу керек еді» деген сөз. Мәнісін өзіңіз байыптай беріңіз, біз ары кеттік. Бала күнімізде жаттап сабақ айтқанды ұнатпайтын және қандай қиын есепті де қарапайым тілмен түсіндіретін. Шешен. Жүйелі сөйлей біледі. Осы сапар ерекше баяндау мәнерінің қайдан келгенін сұраймыз.

- Әкем - шешен кісі еді. Әңгімешіл адам болатын. Көк езулердің қатарынан емес, көргені, оқығаны, естігені көп, кез келген жағдайға қатысты түрлі хикаяларды мысалға келтіріп сөйлейтін, жарықтық. Бала күнімізде бізді отырғызып қойып әңгіменің тиегін ағытатын бір. Ол ғана емес, кейде ортаға ой тастап, бізді пікірталасқа салатын. Қасқырдың бөлтіріктерін баулығаны сияқты. Біз өзімізше тартысып жатқанда күліп қойып, қарап отыратын. Кейін ойласам, бізді өз ойымызды еркін жеткізе білуге тәрбиелегені екен ғой. Сен айтып отырған мақал-мәтел мен түрлі мысалдардың басы осы әкеміздің әсері десем, одан кейін негізгі сөздің қаймағы - кітаптың ішінде. Біздің кезде кітап көп оқылды дегенмен, оқырманның да оқырманы болады. Дегенмен, салыстырып қарасаң, біздің қатарластар, алдынғы буын - қазіргілерден сөйлеу мәнері, тілдік қор жағынан қалай айтсаң да артық тұр. Кейінгі балаларымыздың қарапайым нәрсені түсіндіре алмай кібіртіктеп тұрғанын көргенде ішің ашиды. Баяғы тәрбиені сағынасың. Бұрынырақта мектепте бір кітапты 3-4 оқушыға бөліп беріп, соны мазмұндап айтқызып, арнайы конференция сияқты жиындар өткізіп тұратын еді. Біреуін тоқтатып қойып, екіншісін сөйлетіп... Оқымаған оқушылар тыңдап отырады. Осыдан кейін оқуға деген әуестігі оянып жатады кейбіреулерінің. Оқымай кетті дегеннің өзінде тыңдай білуге, сөйлеушінің баяндау мәнерін өз-өзінен бойына сіңіре береді. Осы салтты қайта жаңғыртса қалай болар екен мектептерде. Мүмкін, кей жерлерде бар да шығар, дегенмен, бірен-саран демесең, мұғалімдерінің өзі оқымайтын әдебиетті оқушылар қайтсін...

Бүгінгі әдебиет туралы пікір сұрап отырсың. Қай тарапқа барма, «ойбооой, әдебиет құрыды, су алды», - деп ауызды қу шөппен сүртіп жатқан ел әйтеуір. Баяғы алтын дәуірі өткені рас та шығар. Менің түсінбейтінім, гөй-гөймен іс біте ме? Ауруға «өлесің» дей бергеннен, - «мына дәріні ішсең жазыласың» деген пайдалырақ қой?! Сол сияқты, аттандай бергенше, соның алдын алып, шығудың жолдарын қарастырған жөн шығар. - Осы тұста әркім өзінше өзеуреп, құрғақ сөзбен мәселе көтергенмен, жұдырықтай жұмылып рухани әлемімізді әлі бір ізге түсіре алмай жатқанын айта келіп, әйгілі «Аққу, шортан һәм шаянды» мысалға келтіріп еді. - Әдебиеттің ортасында жүрген жоқпын, кей нәрселерді ескермей отыруымыз мүмкін, бұл менің жеке ойым...

Оқырман ретінде айтсам, кітап - мен үшін үлкен әлем, - «үлкен» дегенді үлкен леппен, созып айтты. - Көршілерге барып өсек айтқаннан тыныш жатып, кітап оқыған қызықтырақ, пайдалырақ мен үшін.

...Оқып жатқан кітапты төсектің басына қойып кетесің. Сонда бала-шаға ренжіп жатады кейде, «кітабыңызды жинап қоймайсыз ба, елдің үйіне барсаң кітаптары ретімен, сықиып тұрады», - дегендей. Сонда айтам: «қатары бұзылмаған, сөреде сықиып тұратын кітап - оқылмаған деген сөз», - деп. Жұлым-жұлымы шығып, тозған кітапта арман жоқ. Себебі, ол - көп оқылған. Қазіргі көркем әдеби шығармалар жазылмайды, жазылса да деңгейі төмендеп кетті дегенді айтқызып жүрген қартайғанда жорға шығарып, естелік, эссе жазатын кей ағаларыңның арқасы. Ішінде түк жоқ, қаптап кеткен сөлсіз жинақтар қалтаның қалыңдығына қарай көп таралады. Міне, осы үрдіс шын таланттар мен жақсы туындылардың жолын байлап жатыр. Көпшіліктің әдебиет туралы түсінігі осы кітаптар төңірегінде қалыптасуда. Қиянат қой.

Ал, әдебиеттің әсері туралы тәптіштеп жату артық. «Пайдасын біле тұра, - тексермедім» дегеннің кері қазіргілердікі. Шығарма - қиял, психология, ғылым - философия. Кез келген шығарманың өн бойында осы үшеуі жатады. Адам жанын зерттейтін ғылым деп қарастырар едім. Өзіме қатысты айтсам математик болу үшін алдымен философ болу керек. Философияның қайда жатқанын айттық. Ой, өреңнің жеткенінше ойлана аласың. Ойды дамыту дегеніңіз - біреудің ойын түсіне, қабылдай білуге дағдылану. Оқыған адам, оқымаған адам дегенге бір жұқалтаң дипломмен өлшейтін болдық қой. Меніңше, оқу кітап ішіндегі жазбаларды парақтаумен өлшенбесе керек. Егер, сен ең болмаса екі адамға ойыңды түсіндіре алсаң - оқыған адамсың. Өмірден оқыған, түсінген, ой түйген дегеніңіз сол. Баяғы ертегі тыңдау дегеніңіз - осы «оқудың» алғышарты. Ертегі - әдебиет қой. Ендеше, бар ғылымның ар жағында әдебиет тұр. Осыны жақсылап сіңірген адам ой таяздығы деген мәселені ешқашан алдына қоймайды. Қандай саланың маманы болмасын алдымен әдебиетші болу керек...

Өсек айтқаннан гөрі кітапты қолай көрген апайымызға қазіргі әйелдер қауымының «бар уайымына» айналған сериалды көретін, көрмейтінін сұрадық.

- Көрем. Бірақ, ешқашан кітаппен айырбастамас едім. Айырмашылығы айтпаса да түсінікті. - Көрдіңіз бе, ойға сараң. - Қанша керемет болса да бір көрген сериалды қайталап көрмейді ешкім. Ал, сан қайталап оқылатын шығармалар қаншама. Айырмашылықты осыдан-ақ байқауға болады.

Ауыз ашып тыңдап отыр деуге болатындай жағдайда отырсақ та, ара-тұра сөзден сөз шығарып, біз де кимелеп қоямыз.

- Өзіңіз оқыған шығармаларға оқушыларыңызға қызығушылық тудыру төңірегінде жеке пән мұғалімінің міндетінен бөлек қандай да бір атқарған ісіңіз болды ма?

- Мен сынып жетекші болған оқушылардың 70-80 пайызы кітап оқитын. Тәрбие сағатында арнайы тапсырма беріп, шығармалар ұсынып... Жоғарғы мектепке ауысып енді келген 5-сынып оқушыларына алдымен «Менің атым - Қожаның» кей жерлерін үзіндімен айтып келіп, нағыз қызық жеріне жеткенде тоқтай қалам. Балалар шу ете түседі. «Ары қарай не болды?» - дейді. - «Өздерің оқыңдар». - Оны қайдан табуға болатынын сұрайды жалма-жан. Жөн сілтейсің. Осы «қулықпен» келесі шығармаға көшесің. Уақыт өте келе түсінік деңгейіне қарай жекелеген тапсырмаларға ауысасың. Бәрі оқымысты болып кете қоймайды, дегенмен, басқа сыныпқа қарағанда кітап оқитын бір әдет пайда болады...

Әсерлі әңгіме болды. Қандай тақырыпқа болмасын тереңдей алатын, «мен білем» деп өлермендікке салынбай-ақ қысқа-нұсқа, жарты ауыз сөзбен-ақ көп нәрсені аңғарта білетін адаммен сөйлесу... Арасында, тіпті, кей жазушылардың стиліне ауыз салып жібереміз. Жазушының сауаттылық деңгейін де бір шығармасынан білуге болатынын айтады. Қазақ әдебиеті өкілдерінің алдындағы ең зор міндет - ұлттық руханиятты қайта өркендету. Шығармалар да осы тұрғыда жазылу керек дейді.

Бала күнінің өзінде ешқандай кейіпкерге еліктемепті. Романтикадан аулақ болса керек. Ерліктеріне қызыққанмен, ессіз еліктеуге салынбаған. Шет ел әдебиеті туралы сөзге тартамыз (өзіміз оңып тұрмасақ та, сұрақ қоюдың оңайы-ай).

- Қызықпаппын, - дейді. - Қазақтың өзінің бір бөлшегіне жете алмай жүріп... Оның үстіне біздің кезімізде М. Горкий, Н. Островский сияқтылар шет елге жатпайтын. Соларды оқыдық. - Иноуе Ясашидің «Көкжалын» алып келді сөреден. - Шет ел деген осы ма? Шыңғыс хан туралы жазылған жақсы шығарма деп бағалар едім. - Жапон әдебиетінің иісі мұрнымызға бармайтын болғасын, тағы да қулыққа басып, бағытты өзгертуге тура келді. Кейінгі буыннан ешкімді оқымағанын айтады. Тағы да сол жоқшылық. Болымсыз таралымды алға тартты. Кітап дүкенін аралағанда алдынан шыққан «қызықтармен» бөлісе келіп, үш қабаттың қуықтай бір бұрышы ғана бұйырған қазақ әдебиеті өкілдерін көріп қайтуға «Гуляндаға» жол сілтеді.

- Кітапқұмар керек болса мені қоя тұрып, ағаңмен (отағасы) сөйлесуің керек еді, - деп қалды. Сөйтсек... Жас күндерінде бір шығарма туралы өзара пікірталасқа дейін барып тұрады екен. Біз көргенде де сюжеті белгілі бір романның авторын болжап, біраз кісінің атын атап шықты. Адаспағанымызға көзіміз осы кезде әбден жетіп еді. Түн ауғанша отырыппыз.

Қуып жүріп кітап оқытатындар бар

Жолымыз Алматыдағы 172 мектепке түсті. Естуімізше, оқушылардың соңынан қуып жүріп кітап оқытатын бір кісі бар осында.

Хадиша Егінбаевамен каникул кезі болса да мектеп кітапханасында тоқайластық.

- Мұның бәрін оқушыларға таратып бердім. Демалыс кезінде қарап жатпай оқып келеді енді, - дейді жартылай бос сөрелерге шұқшиыңқырап кеткен бізге қарап.

Біз бұл жүрісіміздің мәнін ескертіп жатырмыз. Естігеніміз расқа айналды.

- Қазір көп мұғалім жеке басының шаруасынан аса алмай жататындықтан, тиісті міндетінен тыс шаралар өткізу өте аз. Оларға кінә таққанымыз емес, заман солай. Сондықтан, көп жағдайда бір жағына шығысуға тырысамыз. Кітапханаға келмейтін оқушыларды жетелеп әкеліп, таныстыру кезінде қызығушылығын оятып, шығарында деңгейін бағамдап болып, қолтығына бір кітап қыстырып жіберем. Интернетте отыратын уақытының бір бөлігін оқуға бөлсін деген ниет қой. Жайдан-жай жібермей араға уақыт салып, пікірін, түсінігін сұраймын. Егер, осыдан кейін бір оқушы өздігінен кітап сұрап келсе, бұл мен үшін үлкен жеңіс.

Әр жеткіншектің мінезін зерттеп барып, шығарма оқыту үшін кейде қулыққа да баратын кітапханашы апайымыз келесі жылы зейнетке шығады. Бар ғұмырын осы міндетке бағыштаған Хадиша Рахымбекқызының әңгімесі замандасының пікірімен үйлес жатқан себепті, тоқталып жатуды артық санап отырмыз. Соңғы тиынына кітап сатып алатын әдетінің болғанын естіп сүйініп едік, сол әсермен жылы қоштастық.

Байқаған да боларсыз, бірді-екілі атап өткеніміз болмаса, ешкімнің оқыған кітабын санамадық. Ешбір статистика, рейтинг, санақ емес, ортақ көзқарасты аңдау еді мақсатымыз. Үш адамның пікірімен күллі дүниені бағалауға болмас, бірақ, бір нәрсеге көзіміз анық жетті:

Халықтың қалың ортасынан біз тапқан оқырман әдебиет жайлы сөз болса - естелік айтуға бейім. Естелік - өткендер туралы айтылушы еді... Есте жоқ ескі заманның ертегісіндей «сондай еді-міс», - деп қоя салуға қарсылық көрсетіп, көлемін жоғалтса да көркемдігін көрге сала қоймаған жаңа шығармалар «бізді қайда қоясыңдар?», - деп төбе көрсетіп қояды. Тасқа қашаған тарихы тапжылмай бізге жеткен қазақтың тасқа басылған сөзі ертеңге жетпейді дегенге кім сенеді? Сондықтан, көркем әдебиет туралы естелік айтылмайды.

Алмас Нүсіп

Соңғы жаңалықтар