Көркем әдебиеттің барлығын халықтың арманы, тәуелсіздігі тұрғысынан қарауға тиіспіз - Серік Қирабаев

АЛМАТЫ. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихын қарап отырсақ өмірі үзілмейтін, бір заманнан бір заманға ауысып жаңарып отыратын үлкен ұлттық идея бар екенін көреміз.
None
None

ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы Серік Қирабаев бүгін Алматыда өтіп жатқан "Қазіргі әдебиеттану, өнертану және фольклортанудың өзекті мәселелері" деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда осындай пікір білдірді.

"Біз қазір қандай шығарма болсын жаңа трактовкамен қарауымыз керек. Әдебиет деген нәрсе мәңгілік болғанда әрқашан қайта оқуды, қайта қарауды қажет етеді. Оны өз заманының тұрғысынан талдау керек. Олардың барлығын халықтың арманы, тәуелсіздігі тұрғысынан қарауға тиіспіз", - дейді Серік Смайылұлы.

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет бөлімінің бас ғылым қызметкерінің айтуынша, көркем әдебиеттің мәңгілігінің ғылыми мәні бар. Әдебиет деген дүниеден өз заманының шындығын көрсететін, адамдарын, қайраткерлерін танытатын, халықтың арман-мұңын жырлаған заманның айнасы екенін айқын танимыз. Ғалым Серік Қирабаевтың сөзіне қарағанда, қазір Сәбит Мұқановтың "Ботакөзін" революцияны жырлаған романдардың қатарына қосып, дұрыс ұғына алмай жүргендер бар. "Шын мазмұнына үңіліп көрейікші онда революция қарсаңындағы қанауда, езгіде жатқан қазақтың тұрмыс-тіршілігін, бостандыққа ұмтылу жолын көрсетеді",- деді ол.

Соңғы жаңалықтар