Көркем аудармаға көңіл бөлінбегендіктен қазақ әдебиеті әлемге танылмай отыр - А. Смайыл
Депутат Алдан Смайылдың айтуынша, қазақ әдебиеті бай әдебиет болғанымен, ол әлемге еркін танылмай отыр. «Шығармалары халықаралық беделді тілдерге аударылған қазақ қаламгерлері саусақпен санарлық. Оның өзінде, сол туындылардың аудармасы тамаша деп ешкім айта алмайды. Өйткені, бізде ағылшын, испан, француз, неміс, қытай секілді өтімді тілдерде көркем аударма жасайтын кәсіби аудармашылар болған емес және қазір де жоқ. Оларды даярлауға ынталы болып отырған мемлекеттік құрылымдарды да таба алмайсыз», - дейді депутат.
Сонымен қатар, халық қалаулысы Еуразия ұлттық университеті немесе әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі филология факультеттерінен көркем аударма бөлімін ашу туралы ұсыныс бұған дейін көтерілгенін, алайда ондай шешім әлі қабылданбай отырғанын айтып, қынжылыс білдірді.
«Мұндағы басты кінәрат әдебиетке, ұлттық рухани құндылықтарына, халықтың абырой-беделіне жанашырлықпен қарай білмеуде. Мұнай мен темір кімде жоқ, талайларда бар. Ал Пушкин мен Абай, Бальзак пен Әуезов, Шекспир мен Махамбет бірен-саран ұлттың ғана еншісінде», - деген депутат мәселені түрлі сылтаумен соза беруге болмайтынын алға тартады.
Осыған орай, А. Смайыл Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінен көркем аударма бөлімін, сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі елшіліктері жанынан «Қазақ әдебиеті» кітапханасын ашу мәселесін көтерді. «Елшіліктер жанындағы ондай кітапханаларға бүгінге дейін шет тілінен аударылған көркем және ғылыми-көпшілік, тарихи әдебиеттер жинақталса, ақын-жазушылардың кештері мен түрлі тақырыптағы конференциялар өтіп тұрса, қазақ руханияты сырт мемлекеттерде рухани шаңыраққа айналар еді. Қазақ әдебиетіне көптеген елдердің назарын аударар едік», - деді А. Смайыл.