Көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Лола Әділбекова көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне кірісті.

Қазақстан гимнастика федерациясынан мәлім еткеніндей, Лола Исламқұлқызы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионаттарының қатысушысы және 2002 жылғы Азия ойындарының командалық есебінде күміс жүлдегері.
Лола Әділбекова бапкерлік қызметін 2010 жылы Шымкент қаласында бастаған. Соңғы жылдары ол Шымкент қаласының аға жаттықтырушысы қызметін атқарды. 2018 жылы Лолаға «Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді.
Қызмет жолында Лола Әділбекова халықаралық аренада Қазақстан атынан өнер көрсеткен бірқатар талантты спортшыларды дайындады. Олардың қатарында Азия чемпионы және Азия ойындары командалық жарысының жеңімпазы Даяна Әбдірбекова, жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың қатысушысы Роза Әбитова бар. Сондай-ақ бұл тізімге жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалисі Эльжана Таниева, 2023 жылғы Азия ойындарының командалық жарысында күміс жүлдегер атанған және жекелей көпсайыста қола медаль алған Милана Парфилованы қосуға болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әлия Юсупованың көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.