«Қорқыт» ансамблінің 80 туындысы: ұлттық музыкадағы жаңа белес

АСТАНА.KAZINFORM – Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония жанындағы «Қорқыт» дәстүрлі саз ансамблі 20 маусымда «Хан Шатыр» кешенінде 10 жылдық мерейтойына орай музыкалық марафон өткізіп, ұлттық музыка өнері саласындағы тұңғыш халықаралық рекордты тіркеді.

 «Қорқыт» ансамблінің 80 туындысы: ұлттық музыкадағы жаңа белес
Фото: Алтынау Нұрдәулетқызы

Іс-шара кезінде ұжым 80 музыкалық туындыны тоқтаусыз орындап, Global Book of Records (GBR) халықаралық ұйымының ресми тізіміне енді. Бұрын ұжым 75 шығарманы үздіксіз орындау арқылы Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына кірген болатын.

Музыкалық марафон аясында қазақтың дәстүрлі күйлерімен қатар шетелдік және заманауи авторлардың шығармалары орындалды.

 «Қорқыт» ансамблінің 80 туындысы: ұлттық музыкадағы жаңа белес
Фото: Тастан Тоянов

«Қорқыт» ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбектің айтуынша, бұл жоба ұлттық болмысты музыка тілі арқылы кеңінен насихаттап, тарихи жадыны жаңғыртуға бағытталған.

– Мұндай жобалар жас ұрпақтың бойында ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттырып, дәстүрлі музыкаға жаңа серпін береді, – деді Шолпан Қорғанбек.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамова бұл іс-шараның тек Астана үшін емес, бүкіл ел үшін маңызды мәдени оқиға екенін айтты.

 «Қорқыт» ансамблінің 80 туындысы: ұлттық музыкадағы жаңа белес
Фото: Тастан Тоянов

– Қазіргі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихы мен мәдениетіне, ұлттық болмысына бейімдеу, мәдени-рухани құндылықтарды сақтау және ұлт ретінде бірігу жолындағы маңызды міндет, – деді ол.

Сондай-ақ кеш барысында Құрманғазы, Тәттімбет сияқты күйші-композиторлардың туындылары орындалып, қазіргі буын авторлары Е.Үсенов, С.Тұрысбек, Ә.Желдібаев, М.Бердіқұлов секілді композиторлардың шығармалары да көрермен назарына ұсынылды.

Ансамбль құрамында небәрі 18 музыкант болса да, әрқайсысы бірнеше ұлттық аспапта ойнайтын кәсіби орындаушылар. Барлығы республикалық байқаулардың лауреаттары, негізінен Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері. Көпшілігі он жылдан астам уақыт бойы ансамбль құрамында еңбек етіп келеді.

 «Қорқыт» ансамблінің 80 туындысы: ұлттық музыкадағы жаңа белес
Фото: Тастан Тоянов

Бір кеште 80 туындының үзіліссіз қайталанбай орындалуы техникалық және шығармашылық тұрғыдан жоғары деңгейлі жұмыс. Бұл ансамбль мүшелерінің кәсіби шеберлігі мен ұзақ дайындықтың нәтижесі. Әр шығарма өз ерекшелігімен дараланып, көрерменге ұлттық музыка өнерінің байлығын тереңінен танытты.

– Әдетте бір концертте 25-30 шығарма орындалса, бұл жолы «Қорқыт» ансамблі 80 туындыны үзіліссіз шеберлікпен орындады. Олардың қатарында күйлер, әндер және әртүрлі аспаптық композициялар бар. Бұл – ұлттық музыка өнеріндегі ерекше белес, – деді Гүлмира Құттыбадамова.

Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбектің жетекшілігімен репертуар үнемі жаңарып отырады. Кеште орындалған туындылардың бірқатары – жетекшінің өз өңдеулері мен авторлық нұсқалары. Филармония басшылығы оның шығармашылық еңбегін ерекше атап өтті.

Концерт барысында Құрманғазының «Балбырауыны», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисасы», сондай-ақ С.Байтерековтің «Кішкентайы», А.Райымқұлованың «Тұмар ханымы» сияқты танымал туындылар орындалды.

 «Қорқыт» ансамблінің 80 туындысы: ұлттық музыкадағы жаңа белес
Фото: Тастан Тоянов

Бұл мәдени іс-шара Global Book of Records халықаралық ұйымының ресми мойындауымен, Қазақстанның дәстүрлі музыка өнерінің халықаралық аренада жаңа биікке көтерілгенінің дәлелі болды.

«Қорқыт» ансамблі этномузыка саласында рекорд орнатты. Бұл салада Қорқыттың рекорды бұрын-соңды жаңартылмаған және Қазақстандағы ең жоғарғы көрсеткіш ретінде бағаланады. Ансамбль 80 шығарманы үзіліссіз, нотасыз және дирижерсіз орындады. Мұндай жауапты міндеттің басты қиындығы шығармаларды жатқа білу, жаңылмай және шаршамай орындау болды, деді – Қуаныш Құдайбергенов Global Book of Records халықаралық ұйымының Азия-Африка дивизионы бойынша бас тіркеуші офицері.

 «Қорқыт» ансамблінің 80 туындысы: ұлттық музыкадағы жаңа белес
Фото: Тастан Тоянов

– Рекордты Қазақстаннан шақырылған екі профессор, музыка саласының мамандары мен композиторлар әділ әрі объективті түрде бағалады. Негізгі көрсеткіштің есептелуі мен растығын халықаралық комиссия бақылап, Мумбай және Дубай қалаларындағы кеңселер арқылы желідегі тікелей қадағалау жүргізілді. Сонымен қатар Беларусь елінен арнайы халықаралық сарапшы келіп, іс-шараға тікелей қатысты,– деді ол.

– Бұл академиялық рекорд нақты қадағаланды. Белгіленген шығармалар тізімі мен олардың ноталық әуендерінің дұрыс орындалуы толықтай расталды, – деді ол.

Еске сала кетейік, Ертіс бойында тігілген алып кимешек халықаралық рекордтар кітабына енгенін жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар