Көріктің оты әлі сөнген жоқ: көне кәсіптің бүгінгі келбеті қандай
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Писаревка ауылында тұратын Дмитрий Нападов – темірден түйін түйетін шебер. Ол - бүгінде жоғалып бара жатқан кәсіптің бірегей өкілі.
Болат металл ұстаның қолына түскенде қамырша иленеді.
Оның қолынан шыққан раушан гүлдері, жануарлар мен ертегі кейіпкерлері, түрлі бұйымдардың алды шет елдерге саудаланған.
Бір қызығы, шебердің арнайы білімі жоқ. Мектепте оқып жүргенде туысқан темір ұстасының жанынан шықпай, алғашқы тәлімін содан алған. Жастайынан көріктің отын үрлеп, балға ұстаған бала бүгінде көптеген бірегей туындылардың авторы.
- Қажетті саймандарды өзім істеймін немесе жетілдіремін. Өйткені не керек екенін білемін. Бұл жерде зауытта жасалған бір құрал жоқ. Мынау зілбалғаны, мысалы, өзіме ыңғайлап істеп алдым, темірді жұқартып тартуға жақсы. Қытайлық балға сапасыз болып шықты, шыдамайды, - дейді шебер.
Ұстаның күні таңертеңнен кешке дейін шағын ғана шеберханасында өтеді. Бірер жыл бұрын зейнет демалысына шыққан Дмитрий бұл жерде қиялына қанат бітіреді.
- Мынау дайын бөлшектер, кішкентай айдаһардың қанаттары, мұның барлығы әлі де өңделеді, егеледі. Ал мынау аяқтары. Бұлар дәнекерленеді, сосын қайта тексеремін. Жұмысы көп. Айдаһарды жасауға өткенде бір апта уақытым кетті. Бөлшектерді қайта-қайта қыздыру керек. Металл суып қалса икемге келмейді. Жылқы да осы тәртіппен істелінеді, алдымен денесі, басы шығарылады. Кейін аяқтары бөлек дайындалады. Барлығы дәнекерленіп, нәтижесінде жігі көрінбей, біртұтас металл сияқты болады. Көрмеге апарғанда көргендер таң қалып жатады, - дейді темір ұстасы.
Дмитрий Нападовтың өзіндік қолтаңбасы бар. Ұстаның қолында темірден жасалған раушанның күлтесі табиғи гүлдей ашылады. Жасаған бұйымдарының ішінде, қазақтың дүниетанымы мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін туындылар да бар.
- Раушан гүлдерін көрмеге жиі апарамын. Келушілер қолына алысымен иіскей бастайды. Жалпы, көрмелерге қатысуға жиі шақырту аламын. Бірақ, заттарымды тасып жүру қиын, ең кемі 50-60 кг тартады. Жұмыстарым көрерменге ұнап жатады, бұл, әрине, маған шабыт береді, - дейді шебер.
Тағы бір ерекшелік - дайын қалыптың жоқтығы. Бірдей тәсілмен жасалған бұйымдар ешқашан бір-бірін қайталамайды.
- Алдын ала эскиз сызбаймын. Мәселен, тапсырыс түсті, мен бірден іске кіріспеймін. Жасайтын затымның сұлбасы, суреті көз алдыма келгенде ғана жұмысты бастаймын. Бір қызығы, нобайы бүге-шігесіне дейін елестейді. Алматыда бір зергермен таныстым, орта жастан асқан адам екен, «қайда оқыдың?» деп сұрады. «Алланың бергені, оқыған жоқпын» дедім. Ол: «Жасалмаған бұйымның сұлбасын көру өте сирек кездеседі» деді.
Жасаған дүниелерімнің белгілі бір мән-мағынасы бар. Тұмарлар жасаймын, мысалы, мынау – қасқырдың ізі, иесіне сәттілік әкеліп, пәле-жаладан қорғайды. Ал мынау әйелдердің денсаулығына арналған бойтұмар. Мынадай соқаны кішкентай кезімде көрдім. Жалғыз өзін істемей, жыртып бара жатқан атпен бейнелегім келді. Жылқының күшпен тартып бара жатқанын көрсете алған сияқтымын.
Идея кез келген уақытта келуі мүмкін. Сосын ол істегенше маза бермейді, - дейді Дмитрий Нападов.
Тұмар демекші, қазақ халқы үшін ұсталық - ерекше киелі кәсіп, ал ұстахана - қасиетті орын саналған. Ежелгі түркілер темірді бағындырған шеберлерді бақсылармен тең көріп, оларға ерекше құрметпен қараған, киесі бар деп есептеген. Тіпті, ауыр дертке шалдыққан адамдарды ұстаның дүкеніне түнетіп, көрікпен үрлеп емдейтін ғұрыптар болған. Дмитрийден де кей бұйымдарды ырымдап әкетіп жатады екен.
- Шеге істеймін. Оны үйінің құрылысын көптен бітіре алмай жүргендер ырымдап алады. Екі шегені өріп беремін. Мұны шаңырақ көтергендерге сыйлап жатады, берік болсын деп.
Жалпы ұстаханаға жын-шайтан жоламайды деп жатады. Ұстаның балғасының дыбысынан қорқады екен. Бақсылармен теңестіретіні сондықтан. Бұрын әр ауылда ұстахана болатын, өйткені тұрмысқа керек-жарақты құрал-сайманды ұста жасап беретін. Ұстахананың оты сөнгенде ауыл да құритын, - дейді ұста.
Шебердің айтуынша, бағзы заманнан ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жалғасын тауып келе жатқан темір ұсталығы өнерінің киесін бүгінде көп адам түсіне бермейді. Байырғы өнер жойылып барады.
- Бұл тарих қой. Ертеден осы күнге дейін жеткен мұрамыз жоғалып кетуі мүмкін. Ия, қазір түрлі станоктар бар, бірақ оларда, мысалы жылқыны дәл осылайша жасай алмайсың. Біріншіден - бұл металл. Екіншіден - шебердің қолынан шыққан дүниенің жаны және айтар түпкі ойы болады. Бұл өнерді түсінетіндер бар. Арнайы тапсырыс беріп жатады.
Ұсталықты үйренгісі келетіндер бар, хабарласады. Бірақ, бұл бір күнде меңгеріп алатын кәсіп емес, кемі екі ай керек. Менде оған жағдай жасалмаған, - дейді Дмитрий Нападов.
Ұстаның қолында балқыған темір әп-сәтте көздің жауын алатын әсем дүниеге айналады. Қазір шебер жасаған бұйымдар Үндістанда, Шри-Ланка, АҚШ, Германия сияқты елдерде бар.
Бұған дейін Қосшы қаласының тұрғыны Нұржан Ділманов ширек ғасырдан астам уақыттан бері қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын жасап жүргенін жазған едік.