Король III Чарльздің тәж кию рәсімі қашан өтетіні белгілі болды

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат - Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен корольдігінің королі ІІІ Чарльздің таққа отыруына орай, 6-8 мамыр аралығында мерекелік шаралар өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәж кию рәсімі 6 мамырда Вестминстер аббаттығында өтеді, онда король мен королева Букингем сарайынан шерумен келеді. Рәсімді Кентербери архиепископі жүргізеді.

Рәсім аяқталғаннан кейін монарх корольдік отбасының басқа мүшелерімен бірге сән-салтанатты шерумен кері қайтады.

Букингем сарайында король мен королева корольдік отбасы мүшелерімен бірге балконға шығып, мерекелік шараларды аяқтайды.

Келесі күні, 7 мамырда Виндзор сарайында әлем жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді, ол тікелей эфирде көрсетіледі. ВВС өткізетін ұлттық дауыс беру шарасы кезінде бірнеше мың адам екі тегін билеттен алады.

Концерт кезінде Ұлыбританияның айшықты орындарында жарық жанып тұрады. Бүкіл ел бойынша көшелерде, бақтарда, саябақтарда және өзге де қоғамдық орындарда көңілді кештер ұйымдастырылады.

Мерекелік шаралардың соңғы күні, 8 мамырда, «Зор көмек» атты волонтерлік акциясы өтеді, ол азаматтарды ерікті болуға ынталандыруды көздейді.

Айта кетейік, тәж кию – салтанатты діни рәсімдер мен мерекелер уақыты. Бұл – символикалық шара. Өйткені, корольдің әмірлігі 2022 жылы 8 қыркүйекте, оның анасы, патшайым ІІ Елизавета қайтыс болғаннан кейін таққа отырған кезінде басталған.

ІІ Елизавета 70 жыл 214 күн патшайым болып, ел тарихында есімі билікте ең ұзақ уақыт отырған Британ монархы ретінде қалды. Оның таққа отыру рәсімі 1953 жылдың 2 маусымында Вестминстер аббаттығында өткен.

Еске салсақ, Ұлыбритания патшайымы II Елизавета Балморал сарайында 96 жасында қайтыс болды.

Фото: Getty Images


Соңғы жаңалықтар