Коронавирус: Алматыда тағы бірнеше госпиталь ашылады

«Бүгінгі күні ковидпен күреске 27 медицина ұйымы тартылған. Жалпы төсек қоры 6096 орынды құрайды. Төсек-орындардың бос болмауы 90 пайыздан 50%-ға дейін азайды. Бүгінгі мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 42%-ға төмендеді. Пандемияның екінші толқынына дайындық шеңберінде жағдайы ауыр науқастарға арналған бірінші эшелон стационарларындағы инфекциялық төсек орындарын 1015 орынға көбейтеміз», - деді Алматы әкімі Үкімет отырысында.
Сонымен бірге, тамыз айының соңына дейін 500 орынға арналған жаңа госпиталь пайдалануға беріледі.
«Ал қыркүйектің ортасына дейін 300 төсек-орынға арналған тез салынатын тағы бір модульдік инфекциялық госпитальды іске қосамыз. Келесі аптаның басында құрылыс алаңына шығамыз. 1 қазанға дейін екі қонақ үйдің базасында жеке инвестициялар есебінен 215 төсек-орындық толыққанды ковидтік емханалар құрылатын болады. Тамыздың соңына дейін патологоанатомиялық бюро іске қосылады», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Айта кетейік, Алматыда 10 955 COVID-19 жұқтыру жағдайы тіркелген. Оның ішінде 6 341 адам немесе 60% емделіп шыққан, 73 адам (0,68%) коронавирустан қайтыс болған.