Коронавирус: Атырау облысында стационарда 22 науқас емделіп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Жасыл» аймақтағы Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші төмендеп, бір инфекциялық стационарда 22 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде 2 пациенттің жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 3 наурызда 6 адам COVID-19 инфекциясын жұқтырған.

«Атырау облысында қауіпті вирусты жұқтыру көрсеткіші төмендеді. Мәселен, өткен тәулікте коронавирус инфекциясына шалдыққан 6 адамның 5-еуі Атырау қаласында, 1-еуі Теңіз кен орнында тіркеліп отыр. Өткен тәулікте қауіпті вирустан 5 адам сауығып шықты. Қазір үй жағдайында 205 адам, модульдік аурухананың инфекциялық стационарында емделу үшін 22 науқас оқшауланған. Өңірдегі 2 360 орынға арналған инфекциялық стационарлардағы жүктеме 0,9% құрайды», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметінен.

«Жасыл» аймақтағы өңірде жансақтау бөліміне түскен науқастар саны азайған. Стационарлардың 106 төсек-орынға есептелген жансақтау бөлімінде жағдайы нашарлаған 2 пациент ем-дом қабылдап жатыр. Бұл бөлімдегі жүктеме – 1,9%. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған науқастар жоқ.

Сондай-ақ жеті ауданда, №2 облыстық аурухана мен фтизиопульманологиялық орталықта, Теңіз кен орнында ашылған инфекциялық стационарларда емделуге жатқызылған науқастар жоқ.


Соңғы жаңалықтар