Коронавирус: БҚО-да соңғы тіркелген үш науқас Теңіз кен орнында жұмыс істейді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО-да коронавирус жұқтырған соңғы үш науқас – Атырау облысының Теңіз кен орнында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын өңір тұрғындары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО әкімдігі мәлім еткеніндей, олардың бәрі де – 22, 23 және 24 жастағы жастар.

Бүгін сондай-ақ таңертең 12 науқас анықталған болатын. БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, бұлардың жетеуі – медицина қызметкері, олар бұрын ауырған әріптестерімен қарым-қатынаста болып, карантиндік стационарға жатқызылған.

Қалған бес адам – Ресейден келген Қазақстан азаматтары. Екеуі – Түркістан, біреуі – Батыс Қазақстан облысының, екеуі – Шымкент қаласының тұрғындары. Олар Саратов және Самара облыстарымен шектесетін «Тасқала» мен «Сырым» автоөткелдерінен өткен кезде жедел жәрдеммен стационарға жеткізілген.

Зерттеу қорытындысымен 15 адамда COVID-19 диагнозы нақтыланып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.

Науқастармен қарым-қатынаста болғандар медициналық бақылауға алынып, ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

Өңірде эпидемияға қарсы күрес жалғасуда.

Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 189-ға жетті, соның біреуі – бала.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың мәлім еткеніндей, 31 адам жазылып шықса, соның екеуі – медицина қызметкері.

«Қазіргі кезде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 158 адам жатса, соның 36-сы – медицина қызметкері. Соның жетеуі – дәрігер, 12-сі – медбике, 12-сі – санитар, төртеуі – буфетші, біреуі – дезинфектор. Медицина қызметкерлерінің 20-сында ауру жеңіл түрде өтуде, 14-інің жағдайы орташа. Бұдан бұрын облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлерге бағынбайтын бірнеше емделуші бар екендігін айтқан болатынбыз. Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылатын болады. Жалпы, облыста коронавирус жұқтырғандардың 80 пайызы – Ресейден келгендер. Ауруды ерте анықтап, дер кезінде емдеудің нәтижесінде індет облыстың ішіне таралмай отыр», деді Б.Қаюпов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бірден 17 адамның жазылып шыққанын, Батыс Қазақстанда соңғы тіркелген 10 науқастың бәрі де Ресейден келгенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар