Коронавирус: Қазақстанда 556 адам жанама немесе ілеспе аурулардан қайтыс болған

«Қазақстанда эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп бағаланып отыр. Коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі төмендеп келеді. 4 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 106 121 науқас коронавирус инфекциясын жұқтырған. Соңғы тәулікте 89 жағдай тіркелді. Қазір 6 мыңға жуық пациент ем қабылдауда, 98 585 науқас жазылып шықты. Өкінішке қарай, 1 612 адам қайтыс болды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ресми өкілдің дерегінше, коронавирусқа ұқсас белгілері бар, бірақ ПТР-тесті теріс шыққан 26 803 адам тіркелген. Олардың арасында 305 пациент қайтыс болды. 20 972 науқас ем қабылдап жатыр.
Өлім-жітім жағдайына сараптама жасайтын арнаулы комиссияның қорытындысына сәйкес, 556 адам жанама немесе ілеспе аурулардың әсерінен қайтыс болды.
«Бүгін Денсаулық сақтау министрі Түркістан облысында жұмыс сапармен жүр. Сапарының мақсаты - өңірлердегі медицина мекемелерінің дайындығын тексеру. «Күзде коронавирустың екінші толқыны болуы мүмкін» деген болжам бар. Сондықтан қауіп-қатерге дайын болу үшін министр өзі аймақтарды аралауда», - деді ол.