Коронавирустан қорғану жолдары ұдайы есте болуы тиіс – Әлия Ыдырысова
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Әлемді жайлаған қатерлі індет -коронавирус инфекциясы біздің елімізге де қиын тиіп тұрған жайы бар. Бүгінгі күнге дейін 15 мыңнан астам адам қауіпті кеселдің құрсауына ілініп, соның салдарынан кейбір азаматтардың өмірі келтеден үзілді. Осындай келеңсіз көрініс Қызылорда облысында да кездесіп отыр. Одан сақтану жолдары қандай? Осы орайда Қызылорда облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия Ыдырысовамен ой бөліскен едік.
- Бүгінде дүние жүзін алаңдатып отырған коронавирус инфекциясымен күресу жолдары қандай? Бұл дерттің өзге аурулардан қандай ерекшелігі бар?
- Соңғы үш айдан бері елімізде індетке қарсы күрес жұмыстары белсенді түрде қолға алынып келеді. Мемлекет тарапынан қатерлі індеттен сақтану жолдары қарастырылып отыр. Соған қарамастан оған немқұрайлы қараған азаматтар кездеседі. Айта кетерлігі, бұл дерт - әзірге коронавирустің анықталмаған жаңа штаммы.
Әлем ғалымдары оған қарсы қолданылатын вакцина түрін жасап шығаруға белсене кірісіп кетті. Десе де ол әзірге қолданысқа енгізілген жоқ. Сол себепті тұрғындар оған немқұрайлы көзқарастан арылуы қажет.
Қазіргі таңда елімізде коронавирус инфекциясы өршіп тұр. Ол төтенше жағдай алынып, карантин режимі жеңілдетілгеннен кейін көбейе түсті. Өйткені тұрғындар тарапынан босаңсу байқалды, сақтық шараларына салғырт қарайтындар көбейді. Қазір әрбір азамат өзін оқшаулап, қауіпті індетті жұқтырмау жолдарын қарастыруы тиіс. Дегенмен жұртшылық адамдар көп жиналатын орындарға жиі баруда. Қазір жиын-тойларға, өзге де халық көп жиналатын басқосуға тыйым салынған. Соған қарамастан кейбір тұрғындар сондай орындарда бой көрсетіп жатады.
Бұл аурудың қоздырғышы - вирус. Табиғатта ауру тудыратын микроорганизмдер өте көп. Олардың қатарында бактериялар, коккалар, бациллалар, рикетсиялар, хламидиялар, саңырауқұлақтар, микоплазмалар, вирустар деп тізбектеліп кете береді. Бұлардың ішіндегі ең күрделілерінің біріне вирустар жатады. Вирустар микроорганизмдердің өзге түрлеріне қарағанда өте күрделілігімен, зардабының мол болуымен және тез жұққыштығымен ерекшеленеді. Адамзат тарихындағы жүздеген, мыңдаған емес, тіпті миллиондаған адамды өлімге ұшыратқан эпидемиялық, пандемиялық жағдайлар осы вирустардың әсерінен болғанын тарихтан білеміз. Сондықтан коронавирус инфекциясынан сақтану жолдарын әрдайым қаперден шығармауымыз тиіс.
- Қазір COVID-2019 вирусының заттардың бетінде өмір сүру ұзақтығы жайында түрлі пікірлер бар. Бұл орайда маман ретінде қандай пікір айтасыз? Оған қарсы емдеу шаралары қалай жүргізіледі?
- Оған байланысты түрлі жорамалдар айтылады. Әзірге нақты тұжырым жоқ. Алдын ала жасалған мәліметтер бойынша оның өмір сүру ұзақтығы бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемнің барша дәрігерлеріне төмендегіше кеңес береді. Алдымен науқас толық оқшауланады. Содан кейін аурудың ауыр, жеңіл болуына, індетті құбылыстың өту ерекшелігіне байланысты жалпы вирусқа қарсы емдік шаралары жүргізіледі. Бүгінгі күні ем коронавирус инфекциясын диагностикалау және емдеу клиникалық хаттамасына сәйкес жүргізілуде.
Ескерте кетелік, аурудың ауыр түрі көп жағдайда егде жастағы, сонымен қатар ағзасында қант диабеті, өкпе, жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары басқа да патологиясы бар адамдарда кездесуі ықтимал. Сондықтан азаматтардан уақытылы ем қабылдауын сұраймыз. Олай болмаған жағдайда салдары аурудың асқынған түріне алып келуі мүмкін, оның өлім жағдайына соқтыруын ешкім жоққа шығара алмайды.
- Қазір аталған инфекцияның жеңіл түрімен ауырған адамдарға дәрі-дәрмектік емдеу жүргізілмейтіні белгілі болып отыр. Бұл шешім неліктен қабылданды?
- Рас, қазір инфекцияның жеңіл түрімен ауырған адамдарға дәрі-дәрмектік емдеу жүргізілмейді. Медицина қызметінің сапасы жөніндегі бірлескен комиссияның кезекті отырысында 9-шы редакциядағы коронавирус инфекциясын емдеудің хаттамасы қабылданды. Елімізде COVID-19 жұқтырғандар азаматтардың қатары артып отыр. Олардың басым көпшілігі -симптомы жоқ науқастар. Ауру белгісі жоқ науқастарға медициналық көмек беріледі. Олардың түрлеріне тоқтала кеткен артық болмас.
Жаңа редакциядағы хаттамаға сәйкес, COVID-19 симптомы жоқ науқас та - инфекцияны жұқтырушы. Оларда 14 күн ішінде (инкубациялық кезең) клиникалық белгілер пайда болуы мүмкін. Симптомы жоқ науқастар үйінде немесе карантин нысанында медициналық-санитарлық алғашқы көмектің келісімі (МСАК) бойынша ҚР Бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысына сәйкес эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып, медициналық бақылауға алынуы тиіс. Мұндай азаматтар үйінде немесе карантин нысанында МСАК-тың келісімі бойынша эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып, медициналық бақылауда болады. Жеңіл түрімен ауырған тұлғаға дәрі-дәрмектік емдеу жүргізілмейді. Олардың денсаулығын қадағалау амбулаторлық жағдайда бекітілген алгоритм бойынша жүргізіледі.