Коронавирустың өршуінен Гонконг әкімшілігінің басшысын сайлау кейінге қалдырылды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР-дың арнайы әкімшілік аймағы Гонконгта коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты әкімшілік басшысын сайлау кейінге қалдырылды. Бұл туралы «Синьхуа» агенттігі Гонконг атқарушы билігінің басшысы Кэрри Ламның мәлімдемесіне сілтеме жасап жазады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Синьхуа агенттігінің мәліметінше, бастапқыда 27 наурызға жоспарланған Гонконг басшысының сайлауы коронавирустың өршуіне байланысты 8 мамырға ауыстырылды.
ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Гонконг және Макао істері жөніндегі басқармасының мәлімдемесінде Қытайдың Орталық Үкіметі індетпен күресте Гонконгке қолдау көрсету үшін бар күш-жігерін салып жатқаны айтылған. Оның ішінде медициналық сарапшыларды жөнелту, жаппай ПТР-тестілеуді өткізу үшін қызметкерлермен және көлік құралдарымен қамтамасыз ету, карантиндік және медициналық мекемелер салу, сондай-ақ бірінші қажеттіліктегі заттарды жеткізу қолға алынған.
Ақпан айының басынан Гонконгта COVID-19 таралуы өрши түсті. Өткен бейсенбіде коронавирусты жұқтыру бойынша тәуліктік көрсеткіштің жаңа антирекорды тіркелді – 6,1 мыңнан астам адам науқастанды.