Көрші елдерге «сұр экспорт» көбейді – Жаңа газ бағасының нарыққа әсері туралы сарапшылар пікірі

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің Энергетика министрлігі сұйытылған газ бағасын қайта қарау жоспары туралы мәлімдеді. Осы орайда Kazinform тілшісі сарапшыларға жүгініп, бұл өзгерістердің нарық пен ел экономикасына қалай әсер ететінін сұрады.

дизель
Фото: Pixabay

ҚР Энергетика министрлігінің тасымалдау және өңдеу департаменті директорының орынбасары Талғат Макуов өзгерістер болмай қоймайтынын атап өтті.

— Реформасыз даму мүмкін емес. Егер алға жылжуды қаласақ, жаңа тәсілдерді енгізу қажеттігін әрдайым айтып келемін. Бұл мұнай саласына да қатысты. Мысалы, Мәжілістегі Үкімет сағатында министр экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін мұнайды өңдеуге және дайын өнімді экспортқа шығаруға баса назар аудару қажеттігін атап өтті, - дейді Т. Макуов. 

Көрші елдерге «сұр экспорт» көбейді – Жаңа газ бағасының нарыққа әсері туралы сарапшылар пікірі
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, реформалардың негізгі себептерінің бірі – көлеңкелі экспорт пен мұнай өнімдерінің шетелге жөнелтілуі, бұл ішкі нарыққа да кері әсерін тигізеді. 

— Көрші елдермен салыстырғанда бағалардың айырмашылығы 30-140 пайызға дейін жетеді. Қазақстан Ресеймен, Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шектеседі, ал ұзыннан-ұзақ шекаралар арқылы арзан мұнай өнімдері елден шығарылып жатыр. Мысалы, өткен жылдың басында бензин мен дизель отынының қоры шамамен 1 миллион тоннаны құраса, жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 600 мың тоннаға дейін азайды. Мұндай 35-40 пайызға қысқару «сұр экспортпен» байланысты, – деді Талғат Макуов. 

Сарапшы осындай шараларды қабылдау қажеттігін және реформалардың уақыты жеткенін айтады. 

– Бұрын біз әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға ұмтылдық. Бірақ қазір, «сұр экспорттың» артқанын және зауыттарды жаңғырту жоспарларын ескерсек, реформалардың уақыты келді. Бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, жалақыны көбейтіп, экономикаға инвестиция тартуға ықпал етеді, – дейді департамент басшысының орынбасары. 

Сонымен бірге, сарапшы бағалардың күрт өсуінің алдын алу үшін жоспарланып отырған шаралар туралы айтып берді.

– Біз Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, сондай-ақ өңірлік штабтармен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Егер негізсіз бағаның көтерілуі байқалса, салалық департаменттер жедел әрекет етіп, тергеу жүргізіп, заңбұзушылықтарды жояды, – деді ол.

PACE Analytics аналитикалық компаниясының директоры Асқар Исмаилов бағаны түзету қажет екенімен келіседі. Оның айтуынша, бұл шешім ұзақмерзімді перспективада саладағы тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етпек.

Көрші елдерге «сұр экспорт» көбейді – Жаңа газ бағасының нарыққа әсері туралы сарапшылар пікірі
Фото: Kazinform

— Қазіргі уақытта мұнай өндіретін тәуелсіз компаниялар қиындықтарға тап болып отыр. Мұнай өндіру төмендеп келеді, ал геологиялық барлау мен өндірісті жаңғыртуға инвестиция салу өте қиын. Бағаны көтеру жергілікті және шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. Бұл саланың өсуіне септігін тигізеді, — дейді А. Исмаилов. 

Сондай-ақ, сарапшы қаражаттың игерілуін қадағалау мәселесіне назар аударды.

— Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту үшін бар қаржыландыру жеткілікті, бірақ бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылау маңызды, — деп пікір білдірді ол.

Сондай-ақ МӨЗ үшін ішкі мұнай бағаларын көтеру керек, бірақ акциздерді арттырмау керек, әйтпесе бұл тәуелсіз өндіруші компанияларға көрсетілетін қолдауды құнсыздандырады.  А. Исмаилов бұл шаралардың дағдарыстардың алдын алумен қатар, өнім сапасын арттыру үшін де маңызды екенін атап өтті. 

— Шекті бағаларды алып тастау саланың дамуын ынталандырады. Бағаны көтеру инвестициялауға қызығушылықты арттырады, бұл өнімнің сапасы мен көлеміне әсер етеді. Бірақ ең бастысы — квазимемлекеттік құрылымдардың нарыққа әсерін төмендету және табысты әділ бөлу, — дейді А. Исмаилов.

Екі сарапшы да сұйытылған газ бағасын түзету қадамының мұнай-газ саласын нығайтуға, инвестиция тартуға және Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Бұған дейін Энергетика министрлігі «Ашық НҚА» порталында 2025 жылғы 1 ақпаннан бастап сұйытылған мұнай газы бағасын өзгерту туралы бұйрық жобасын жариялаған болатын. Түзету қажеттілігі сұйытылған мұнай газын өндірушілердің артып келе жатқан шығындарына байланысты. Қазір сұйытылған газды өндірудің өзіндік құны тоннасына 65 мыңнан 75 мың теңгеге дейін болса, зауыттар үшін шекті көтерме баға – тоннасына 45 158 теңге деңгейінде белгіленген.

Соңғы жаңалықтар