17:50, 20 Мамыр 2009 | GMT +5
Қоршаған ортаға деген немқұрайды көзқарастың салдарынан соңғы он жылда 20 миллиард тонна өнеркәсіп қалдықтары жиналып қалды
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанның қазіргі табиғи жүйесі жұтаңданып барады. Болашақта ол биосфераның тұрақсызданып, қоғам тіршілігі үшін қажетті ортаны сақтап тұру қабілетін жоғалтуына әкеліп соғуы мүмкін.

Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өндірістік қалдықтарды пайдалануға байланысты өткен дөңгелек үстел отырысында Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, қазір қоршаған ортаға деген жөнсіз, қисынсыз көзқарас пен оны шектен тыс пайдаланудың салдарынан ел аумағында 20 миллиард тонна өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар қалыптасқан және олардың азаю деңгейі әзірге байқалмайды. Олар қалалық аумақтардағы аса қымбат жерлерді қоса есептегенде өте үлкен аймақты алып жатыр. «Бұған нақты мысал келтіретін болсақ, «Васильков» алтын кен орны мен «Целинный» кен-химия комбинатын ондаған жылдардан бері пайдаланудың салдарынан радиоактивтілігі төмен қалдықтарды көму проблемасы туындады. Ал бұл проблеманы шешуге бел буған компаниялар заңнамалық проблемаларға тап болды», деді Сенат Төрағасының орынбасары. Оның пікірінше, еліміздегі өндіріс қалдықтарымен және оны тұтынумен байланысты қазіргі жағдай біршама оңалған. Өйткені елімізде жаңа заңдар қабылданып, осы саланы басқару тиімділігі артты. «Алайда, бізге қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамаларды тағы бір пысықтап шығып, Елбасының «Нұр Отан» партиясының XII съезінде қойған талаптары негізінде біршама өзгерістер енгізу қажет. Сонымен қатар, аталмыш құжаттарға қалдықсыз технологияларды енгізуді ынталандыру, қалдықтарды көмуден гөрі оны басқа мақсаттарға пайдалану, қалдықтармен жұмысты қолда бар жақсы технологияларды пайдалана отырып жүргізу, реттеуді қажет ететін қалдықтар ағынын басқару сияқты өзге де бірқатар мәселелерді енгізген жөн», деді М.Көпей.