Қоршаудағы халық жылап тұрып оқыған Жамбылдың «Ленинградтық өренім» жыры хақында
АСТАНА. KAZINFORM – Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең қасіретті оқиғаның бірі — Ленинградтың қоршауға алынуы. Онда 1 млн астам қала тұрғыны қырылған. Осы адам айтқысыз азаптан аман шыққан адамдар кейін бір жайды тебірене еске алады. Ол — үрей билеген халыққа үміт пен жігер сыйлаған «Ленинградтық өренім» атты өлең хақында еді.

Ленинград қоршауы — адамзат тарихындағы ең ұзақ блокада
Ленинград қаласы 1941 жылғы 8 қыркүйектен 1944 жылғы 27 қаңтарға дейін жау қоршауында болды. Оқырманның кейбір тарихи деректерді білуі бір бөлек те, оны жете түйсініп, жан-дүниесімен қабылдауы тіптен бөлек нәрсе. Мәселен, біреулер үшін бұл Екінші жаһан соғысындағы кезекті бір қаланың жау құрсауында қалу оқиғасы ғана. Ал оған жүрек көзімен үңіле алғандарға — адамзат тарихындағы ең ұзақ блокада; қоршаудағы 872 үрейлі күн; 632 мың адамның аштан қырылуы (оның 150 мыңдайы – бала); фашистердің 272 әуе шабуылы (оның 193-і түнде жасалған); 70 мыңдай өртеуші бомбаның, 4 жарым мыңнан астам фугас бомбасының тасталуы; 642 рет әуе дабылының қағылуы (жалпы дабыл ойнау уақыты 702 сағатқа созылған); Кеңес әскерінің қоршауды бұзу үшін жасаған 5 жойқын әскери операциясы, осы шабуылдар кезінде шейіт болған мыдаған солдат... Бұл тізімді соза берсе бір мақала емес, бір кітапқа жүк болады. Біздің мақсат та блокада кезіндегі зардапты тізіп шығу емес. Керісінше, осы бір қанкешті кезеңде қамыққан жұртқа үміт сыйлап, жігерін жаныған өрелі өлең жайлы сөз қозғамақпыз.
Ағылған хаттар мен сәлемдемелер
1941 жылдың шілде-тамыз айларында жау екі бағытта шабуылға шығып, Ленинград пен Мәскеуді басып алуға тырысып бағады. Ол кезде майдандағы жағдайды күн сайын Совинформбюро хабарлап тұрған. Халық қанша үміттеніп жақсы жаңалық күтсе де, бір күнгі хабардан бір күнгісі сорақы бола береді. Ақыры 4 қыркүйек күні Ленинградта әуе дабылы қағылып, 5 қыркүйекте қала сыртынан артиллерияның жойқын үні естіледі. Ал 6 қыркүйекте шаһардың орталық көшелерінде фашистердің алғашқы снаряд, бомбалары жарылады. Осылай 3 млн астам тұрғыны бар, сол замандағы әлемдегі озық мегаполистердің бірі саналатын қала іргесіне жау әскері жетеді.
Кеңес Одағы үшін әскери-стратегиялық маңызын айтпағанда, Қазан төңкерісінің алтын бесігі саналатын бұл қаланың символикалық мәні де ерек еді. Фашистер осы батыр қаланың іргесіне жетті дегенде, бүкіл одақ халқы демін ішіне тартып, назарын тігеді. Лезде «Ленинградты қорғаушы жауынгерлердің рухын көтерейік!», «Құрсауда қалған қаһарман қала тұрғындарына сүйеніш болайық!» деген ұрандар көтеріліп, КСРО-ның түкпір-түкпірінен вагон-вагон сәлемдеме, хаттар жөнелтіледі. Сол кезде қазақтың қарт ақыны Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өренім» атты өлеңін жазады.
Жұртқа жігер сыйлаған жыр
Жамбыл Жабаев 1936 жылға дейін бүкіл Кеңестік ауқымда танымал ақын болмаған. Қазақ КСР КП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Мирзоян Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновке Қазақстанның Мәскеудегі алғашқы декадасына дейін дағыстандық Сулейман Стальский секілді бір қарт ақын табуды тапсырады. Жүргенов бұл жұмысты Әбділда Тәжібаевқа жүктейді. Осылайша өз еліне ғана танымал Жамбылдың бүкіл Кеңес Одағына мәшһүр болуына жол ашылады. Оған, бірінші кезекте, әрине, ақын өлеңдерінің орысшаға аударылуы себеп болады.
Жамбылдың жырларын алғаш орысша сөйлеткендердің бірі – қазақстандық ақын, аудармашы, жазушы, журналист Павел Кузнецов.

1941 жылғы 5 қыркүйекте «Ленинградтық өренім» өлеңі республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде, ал Кузнецов аударған орысша нұсқасы орталық «Правда» газетінде бірдей жарияланады. 6 қыркүйек күні бұл өлеңді кеңестік ақын, аудармашы Марк Тарловскийдің тәржімасымен «Ленинградская правда» газеті басқан. Дәл сол күні кешке оны диктор М. Меланед эфир арқылы оқып, бүкіл елге таратады. Оған қоса, бір мезетте бұл өлең мыңдаған данамен плакатқа басылып, Солтүстік-Батыс майдандағы барлық қалалар мен елді мекендерге жөнелтіледі. Осылайша Жамбылдың үні, қазақ ақынының жыры майданның бүкіл шебіне, жау ентелеген әрбір елдімекенге газет, плакат тілімен, радио үнімен жетеді де, бір сәтте миллиондаған халыққа танылады.
Осы тұста «Мұнша кең ауқымда тараған Жамбылдың жыры қоршаудағы жұртқа қалай әсер етті?» деген заңды сұрақ туады. Оған тек сол кездің куәсі болған жандардың естеліктері жауап бере алады.
Көрнекті ақын, Ленинградты қорғауға белсене қатысқан А. Прокофьев:
«Жамбылдың «Ленинградтық өренім!» деген жыры Ленинград қаласына қатер төнген, сондай бір аса ауыр шақта жарияланды. Халықтың рухын ерекше көтерген бұл жыр Ленинград радиосы арқылы күніне әлденеше рет оқылып тұрды. Жыр ірі әріптермен теріліп, көшелерге плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелеп оқып, көзінен жасы сорғалаған талай адамды көрдім», - деп еске алыпты.
Бүкіл өмірі мен шығармашылығы Ленинградпен тығыз байланысты болған, «Біз Кронштадтанбыз!», «Оптимистік трагедия» сияқты атақты туындылардың авторы, көрнекті жазушы Вс.Вишневский де «Правда» газетіне басылған естелігінде:
«Плакаттан Жамбылдың «Ленинградтық өренім!» деген өлеңін оқығанда, барлығымыз көзімізге жас алдық, жылап тұрып оқыдық, сонда қазақ халқының достығы мен сүйіспеншілігіне шексіз риза болдық», – деп ағынан жарылған.
Ленинградтың тумасы, Кеңес әдебиетінің соқталы өкілі Н. Тихоновтың «Замана саңлақтары» кітабына кірген «Ақындар атасы» деген толғанысында:
«Мен Петроградты 1917 жылғы Юденичтен қорғап, аштық-жалаңаштықтың зардабын тартқандарды да көрдім. Петроград пролетариатының тап жауына деген ызасы олардың түрлерінен-ақ байқалатын. Енді, міне, менің төңірегімде Ұлы Отан соғысындағы Ленинградты қорғаушылар. Осылардың бәрі де қалай тез күнделікті істерінің қамын ойлаудан босағандарына таңғаламын. Осылардың әрқайсысында қандай жігер, мақтаныш, өмірді сүюшілік бар десеңізші! Бұлар соншалық топырлап не қарап тұр екен? Айбарлы, ызалы түрлері кейде жылы ұшырай түсіп, не көріп тұр екен? Көшенің бұрышындағы қоңырқай бір тақтайға қалың сұр қағаз жапсырылыпты. Ол қағазға үлкен әріптермен бірнеше өлең шумақтары жазылған, қасынан көңіл қоймай өту мүмкін емес. Ол жазылған жолдар – саған кенет үн қатқан, бала күніңнен таныс, көшеде кездестіремін деп ойламаған досыңның даусы. Мен:
«Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзені сүйкімді.
Бұлағымдай көремін!» – деген өлең жолдарын оқыдым.Мен қабағы тұнжырап, түнгі қорқыныш дабылдарынан ұйқысы қанбаған жандардың ортасында тұрмын. Бұл жерде солдаттар, офицерлер, теңізшілер, үстерінде көк комбинезондары бар, противогаз асынған қыздар бар. Солардың барлығы Жамбылдың өлеңін өміріндегі ең бір ауыр жағдайда демеу боларлықтай туыс адамнан келген хат сияқты оқып өтіп жатыр. Сол күні әскери тапсырмамен қайда барсам да, әлгі өлең жолдары ойымнан кетпей-ақ қойды. Ол өлең бүкіл қалаға таралып ілінген болатын, Ленинградтың әр үйіндегі радиодан саңқылдай естіліп жатты. Бұл өлеңді радио майданға да жеткізді. Бұл өлең жолдары әрбір окопқа, Ленинградтың тағдыры шешіліп жатқан майданның алғы шебіне де жетіп үлгерді. Қаланың соғысқа қалай дайындалғанын, тіпті көшелер мен алаңдарда, үйлер мен бақтың іштерінде доттар салынғанын, бұрыштағы әр үйге пулемет орнатылғанын, баррикадалар құрылып, жер қазылып, бомбадан сақтанатын бекіністердің жөнделіп жатқанын көргенімде, мен тарих демін, қайғылы тағдыр қадамын сезіндім. ...Мен өз үйімнің балконында түнерген қалаға көз салып тұрдым. Түн. Мен Жамбылдың:
«Қайтып ұйқы көремін!
Жетсін деймін сендерге,
Жыл құсындай өлеңім.
Қаласындағы Лениннің,
Сайыпқыран өренім!» – деген сөздерін қайталадым.Жамбылға қариялық даналықты берген уақыт, оған келешекті сезінуді де берді. Алғашқыда мен оның басынан өткен дәуірді өте ұзақ, сондықтан бүгінгі күнді эпос ретінде, өнердің келесі бір беті деп сезінеді ғой деп ойладым. Енді маған Жамбыл Ленинградтың қорғаушылары сияқты ұйқысы бұзылған, күзгі сардалаға жеткен алыстағы Балтық теңізінің мазасыз, ауыр лебін сезіп тұрғандай болып елестеді. Мен көз алдыма төбе басында отырған ақындар атасын елестеттім. Ол отырған төбенің үстінен күзге қарай өзінің қанатты достарын жинаған тырналар қиқу салып, алысқа ұшып барады. Оның маңында ұшып жүрген құстардың даусы қауіптің хабаршысындай. Даладан көтерілген шаң алыстағы өрттің түтініндей. Бөктердегі қырғилар мен қаршығалар әуе соғысына әзірленгендей түйіліп ұшып жүр. Осы кезде қартқа дана сөзді талап ететін дауыл дабылының таянған сезімі өсе бастады. Сөйтіп, ол алыстағы балаларына үндеу қатқандай. Өйткені, онда әкелік сезім лаулай түскен еді. Міне, дәл осы кезде ол жан толқынысын тек: «Ленинградтық өренім!» деп бастай алды. Ленинградтың түнін прожекторлар сәулесі кесіп өтті. Ұлы қала Жамбылдың өлеңіне жарық семсерімен салют бергендей болды!» - деп тебіренеді.
Сөздің орайы келіп тұрған осы тұста айта кетерлік бір жайт бар, 1948 жылы 30 қыркүйекте Сарыарқаның оңтүстігінде, Балқаш көлі мен Бетпақдаланың түйіскен жерінде қазақ елі үшін ғана емес, қазақ ғылымы үшін де зор қайғы саналған апат болған. Алматыдан шыққан ұшақ Балқаш қаласынан жанармай құйып, әуеге көтерілген соң 15 минуттан кейін жарылып кетеді. Ұшақта академик, биология ғылымы докторы Кәрім Мыңбаев бастаған, Мәскеуге академик Т. Лысенконың 50 жасқа толған тойына шақырылған Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылымының бетке ұстар тұлғалары болған. Оның ішінде Қылыш Бабаев, Сапар Нұғыманов, Хасен Наурызбаев, Федор Солодниковтар бар еді, бәрі мерт болған. Осы Кәрім Мыңбаев Ленинград қоршауға алынған кезде сонда аспирант екен әрі қаланы қорғау үшін құрылған халық жасағының мүшесі болыпты. Ақын Жамбылдың өлеңі плакатқа басылып қала көшелеріне ілінгенде, ол жыр атасына былай деп хат жазған екен:
«Қымбатты Жәке! Сіздің үніңізді бүкіл Ленинград естіді. Өз халқыма, өз ақыныма деген мақтаныш сезімі менің жүрегімді кернеді, сіздің сөздеріңіз біздің ленинградтықтардың бәрін жаңа ерлікке жігерлендірді».
Бұл естеліктерден Жамбылдың әйгілі жыры жау қоршауындағы қала тұрғындарына қалай күш бергені, қысылтаяң сәтте жігерін жанып, рухтандырғаны анық байқалады.
Қазіргі Санкт-Петербург Жамбылды тани ма?
Рас, қазір уақыт та басқа, қоғам да өзгеріп келеді. Осы тұста «Кезіндегі Ленинград халқына жанашыр болған жыршы Жамбылды қазіргі Санкт-Петербург тұрғындары тани ма, әспеттей ме?» деген заңды сауал туады. Бұл сауалға жауапты өмірі осы қаламен тығыз байланыста болған, «Ленинград және Жамбыл» тақырыбын терең зерттеген филология ғылымдарының докторы Сұлтанғали Садырбаев көзі тірісінде қалдырыпты. 2009 жылы қазақ журналистикасының қара нары Жанболат Аупбаевқа айтқан естелігінде:
– Қаладағы біз сияқты көнекөз мәдениет өкілдері Жәкеңді өз ақындарына балайды. Оны сондағы ғалымдардың Жамбыл творчествосына деген ерекше құрмет, ілтипатынан көреміз. Мәселен, 1998 жылға дейін Жәкеңнің ондағы әдеби мұралары екі салада топтасқанын жақсы білемін. Біріншісі – Жамбылдың өз өлеңдері, екіншісі - Жамбыл туралы жазылған мағлұматтар мен ғылыми-зерттеулер. Оларды Салтыков-Щедрин атындағы кітапхана мен қаланың Воинов көшесіндегі №34 үйдегі әдебиет және көркемөнерге арналған мемлекеттік архивтен табуға болады. Онда ақынның шетелде шыққан өлеңдері, ол туралы басқа ұлт республикаларында жарияланған мақалалар, монографиялар, жинақтар, басқа да қызықты мәліметтер жинақталған.
Тағы бір айтатын нәрсе, Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбылдың плакат болып шыққан өлеңі. Кезінде ол қаланың орталық алаңдарына, Эрмитаждың қабырғаларына, азық-түлік дүкендерінің терезелеріне, әскери кемелер мен бекіністерге ілінген екен. Қазір сол плакатты ленинградтықтар қасиетті тұмардай сақтап отыр. Мәселен, соның біреуі қаланың тарихи мемлекеттік музейінің орталық бөлімі – Петропавлов қамалында ілулі тұр. Жәкеңнің тарих алдындағы биік парасаты қала тұрғындары үшін есте қалдырылған. Оны Санкт-Петербургтегі М. Горький театрының алдындағы тұйық көшенің Жамбыл есімімен аталуынан анық аңғаруға болады. Көшенің әр жерінде түсініктеме беретін ескерткіш тақталар қойылған. Оған осы қаладағы ақын ескерткішін қосыңыз. Өткеннен белгі, адамдар зердесіндегі ұмытылмаған құрмет деген міне, осы, - депті.
Енді Сұлтанғали ағамыз айтқан көше, ескерткіш тақта, ескертіштің өзіне жеке-жеке тоқталайық.

1952 жылы Жамбылдың есімі қаланың Орталық ауданындағы бір қысқа көшеге беріліпті.

Бұл көше Фонтанка өзенінің жағалауынан (Лештуков көпірі тұсынан) бастап Загородный даңғылына дейін созылып жатыр. Көшенің бас жағында, №2 үйде, 1996 жылғы 13 сәуірде ақынның туғанына 150 жыл толуына орай, көше атауын түсіндіретін ескерткіш тақта орнатылған. Онда былай деп жазылған:

«Тұйық көше ұлы қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың құрметіне аталған. Ол 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде ленинградтықтардың ерлігін жырға қосқан».
2003 жылғы 30 мамырда Жамбыл көшесі, 14-үйдің тұсындағы саябақта сол кездегі Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен ұлы қазақ ақынының ескерткіші таныстырылды. Ұлттық киім киген, қолына домбырасын ұстаған сәті кескінделген Жамбылдың төрт метрлік мүсінінің жанында фонтан бар, оның тас баспалдақтарына әйгілі жыр жолдары қашалып жазылған: «Ленинградтық өренім! Мақтанышым сен едің!».
2021 жылы ақынның 175 жылдығына орай ескерткішке өңдеу жұмысы жүргізілген.

Мәскеуде де мүсіні бар
2019 жылы 19 қарашада Мәскеу қаласында Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі «Қазақстан» павильоны ауқымды қалпына келтіру жұмыстарынан кейін қайта ашылды.


Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесі – тарихи павильондары, аркалары мен мұражайлары, субұрқақтары, тоғандары мен мүсіндері бар 325 гектар жерде орналасқан Мәскеудегі ең танымал қоғамдық орындардың бірі. «Қазақстан» павильонының тарихи бөлігінде ҚР тарихы және мәдениетімен, сондай-ақ ел дамуының стратегиялық бағдарламаларымен танысуға арналған контент ұсынылған әрі павильон аумағы сауда-көрме және мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға арналған.

2017 жылы ғимаратқа 1954 жылғы тарихи келбетін қайта қалпына келтіру үшін ауқымды жөндеу жұмысы жүргізіліп, 2018 жылы аяқталды. Бүгінде павильонның кіреберісінде қонақтарды дәл 69 жыл бұрынғыдай ақын Жамбыл Жабаев пен Социалистік Еңбек Ері Шығанақ Берсиевтің мүсіні қарсы алады.