Көрші елдерге әлеуметтік көмірді автокөлікпен шығаруға шектеу қойылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздің өңірлеріне көмір жеткізу үшін вагондар паркі артады. Бұл туралы Үкімет отырысында жылы беру маусымына дайындық мәселесін талқылау кезінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрші елдерге әлеуметтік көмірді автокөлікпен шығаруға шектеу қойылады

«Разрездерде көмір толық мөлшерде бар, көмірді өндіру жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр, разрездердегі көмірдің бағасы өткен жылғы деңгейде қалып отыр», - деді Қ. Өскенбаев

Сонымен қатар ол жылу беру маусымын сәтті жүргізу үшін министрлік қосымша шаралар қабылдап жатқанын айтты.

«Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен тұрғындарға көмір жеткізу үшін «Қазақтеміртранс» акционерлік қоғамына вагондар паркін ұлғайту ескерілген. Бұдан бөлек, делдалдарды айналып өтуге мүмкіндік беретін биржа арқылы көмірді сату үлесін 50 пайызға дейін арттыру қарастырылған», - деді министр.

Мұнымен қоса ведомство басшысы көрші мемлекеттерге әлеуметтік көмірді автокөлікпен әкетуді шектеу бойынша қосымша шаралар қабылданатынын атап өтті.