Көршілерге тәуелді болмас үшін Жамбыл облысында үш су қоймасын салады

Аймақта суармалы және ауылшаруашылық қажеттіліктер үшін су тапшылығының жылдан жылға ұлғаю үрдісі Жамбыл облысында су қоймасын салу мәселесін өзекті етіп отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сәйкес, көршілес Қырғызстанның су беруді азайтуы, аймақтағы Тасөткел және Теріс-Ащыбұлақ ірі су қоймалараның тартылуы және су каналдарының мүшкіл жағдайы кесірінен жыл сайын суармалы жердің 10 - 12 пайызы игерілмейді.
Суармалы жерлердің тапшылығынан шаруа қожалықтары егіс алқаптарын шектеуге мәжбүр. 2012 жылы 171,2 мың га суармалы жердің 18,1 мың га пайдаланылмаған, 2011 жылы мұндай жерлер 16,3 мың га болған.
«Біздің облыстың топырағы құнарлы, алайда су тапшылығы салдарынан олар қараусыз қалуда. Бүгінде біз 600 мың тонна жеміс-жидектер мен көкөніс өндіреміз, осы көрсеткішті миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды, оны ендігі жылы жүзеге асыру көзделуде», - дейді Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев.
Аймақта үш шағын су қоймасы салынады. Оның екеуі Қордай және тағы біреуі Мерке ауданында болады.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында 117 су қоймасы бар. Оның бесеуі республикалық меншікте, 102 - коммуналдық және 10 - жеке меншікке берілген.