Көршімен татудың көңілі тыныш: Қазақстан-Ресей өңіраралық форумында не талқыланады

2023 жылғы 9 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға ресми сапармен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин келеді. Екі елдің басшысы маңызды келіссөздер жүргізіп, Қазақ-Ресей стратегиялық әріптестігінің өзекті мәселелерін талқылайды. Бұдан бөлек, президенттер Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысады. Қос ел үшін форумның маңызы зор. $83 млн доллардың екіжақты келісіміне қол қойылады деп күтілуде. Елдер арасындағы тауар айналымы, инвестиция көлемі және форумда қандай мәселелер қаралатыны туралы Kazinform сарапшысы шолу жасады.

Kazakhstan and Russia
Фото: Kazinform

Сауда-экономика байланысы

Алдымен, екі елдің құрлықтағы шекарасы дүние жүзіндегі ең ұзын үздіксіз шекара екенін атап өткен жөн. Қазақстанның солтүстік пен батыста Ресеймен ортақ шекарасы – 7 591 шақырым. Бұл ретте Ресей Қазақстанның негізгі сыртқы экономикалық серіктесі болып қала береді. Биылғы сегіз айда көрші мемлекеттен импорт азайып, керісінше экспорт ұлғайған.

Сауда министрлігінің деректеріне сүйенсек, екі ел арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-тамызда 17 млрд долларды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,1% жоғары (16,8 млрд доллар) болды.

экспорт
Инфографика: Kazinform

 

Қазақстаннан Ресейге экспорт биыл қаңтар-тамызда 21,4% өсіп, 6,4 млрд долларға жетті. Ал Ресейден Қазақстанға импорт, керісінше, 8,2%-ға төмендеп, 10,6 млрд долларды құраған.

импорт
Инфографика: Kazinform

 

Ресей – Қазақстанға көп инвестиция салатын елдердің бестігінде

Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасына құйған қаржы бойынша басты инвесторлардың бестігіне кіреді. 30-дан астам ірі инвестициялық жоба бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Біздің елдеріміз жылу-энергетика кешеніндегі жобаларға инвестиция салып, бизнесмендер мұнай мен газды өндіру және тасымалдау, атом және магистральдық энергетика сияқты салаларда белсенді. Аэроғарыш, минералды тыңайтқыштар өндірісі, машина жасау, металлургия, логистика және басқа бағыттарда табысты жобалары бар.

Соңғы 17 жылда ресейлік инвестиция ағыны $19 млрд-ты құрады. Сонымен қатар, Ресейге қазақстандық инвестициял $5,6 млрд-тан асты. Бұл туралы Түркістанда екі ел үкіметі басшыларының орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчуктың төрағалығымен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 24-ші отырысында айтылды. 

Отырыста тараптар көлік-транзит саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын, оның ішінде екі ел аумағы бойынша транзиттік тасымалдарды ұлғайтудың, автожол инфрақұрылымын бірлесіп дамытудың және Қазақстан-Ресей шекарасындағы өткізу пунктерін жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, қатысушылар ауыл шаруашылығы саласында екі елдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау саласында ақпараттық интеграциялау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігіне назар аударды.

РФ
Фото: Kazinform

 

Өңіраралық ынтымақтастық форумы

Қарым-қатынастардың табысты дамуына екі ел үкіметінің арасындағы 2018-2023 жылдарға арналған өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасы, екі елдің өңірлері арасында жасалған 200-ден астам келісімшарт пен келісім негізінде жүзеге асырылатын өңіраралық ынтымақтастық ықпал етеді.

Жергілікті әкімшіліктер мен іскер топтар делегациялары екіжақты сапарға барып, жұмыс белсенді жүріп жатыр. Жыл сайын мемлекет басшыларының қатысуымен Өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді.

Былтыр аталған форум 28 қарашада Орынборда «гибридті» форматта «Халықаралық сауданың инфрақұрылымдық шектеулерін алып тастау» тақырыбында өткен. Ол форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев логистикалық желілерді жаңғыртуды жеделтуге шақырған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы көпжақты өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін бірлескен күш-жігерді мынадай салаларға жұмылдыруды ұсынды. 

Бірінші. Трансшекаралық және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссияның қызметін күшейту қажет. Өңіраралық ынтымақтастық бағдарламаларын үйлестіру және іске асыру – аталған комиссияның негізгі міндеттерінің бірі. Екінші. Шекара инфрақұрылымын жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара пункттерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет. Бұл жұмысты салынып жатқан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Солтүстік – Оңтүстік» трансұлттық дәліздерін ескере отырып, жүзеге асыру керек деп есептейміз. Бұл бағыттарды ЕЭО қызметімен ұштастыру қажет. Үшінші. Қазақстан тұрақты сауда-инвестиция қатынастарын дамытуға мүдделі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Cонымен қатар, былтырғы форумда 23,3 млрд теңгеге ($50 млн) 7 өңіраралық және 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды.

Жалпы, Қазақстан мен Ресейдің екіжақты саудасының 70 пайызы өңіраралық және шекарааралық сипаттағы мәмілелерге тиесілі. Табысты кооперацияның мысалы ретінде Орал мен Сібірдің электр станцияларына электр энергиясын кері бағытта жібере отырып, Екібастұз көмірін жеткізу, олардың дайын өніміне айырбастау үшін Оңтүстік Оралдың тау-кен-металлургия кәсіпорындарына қазақстандық минералды шикізатты жеткізу, Қазақстанның Самара, Орынбор облысы және Башқұртстанның қайта өңдеу кәсіпорындарына мұнай өнімдері мен газдың қарсы түсімдеріне мұнай мен газ конденсатын жеткізуін айтуға болады.

Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстанда жұмыс істейтін ресейлік компаниялар саны 15,6 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есе өсті. Құрылымы бойынша ресейлік компаниялар – бұл негізінен шағын және орта бизнес кәсіпорындары. Енді екі елдің өңірлері арасындағы тығыз, тиімді байланысты шикізаттан жоғары сапалы өнімге дейін жеткізуге жылдам көшу маңызды қадам болып отыр.

Биылғы форумның ерекшелігі

Ал, биыл форумның XIX отырысы «Ауыл шаруашылығы – қуатты экономиканың негізі» тақырыбында Қостанайда 2023 жылдың 9 қарашасында өтеді. Оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин бейнебайланыс режимінде қатысады. Форум қарсаңында Ресей басшысы елордаға ресми сапармен келеді.

Сонымен қатар, Сауда министрлігінің мәліметінше, форум аясында ҚР премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ресей премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчуктың қатысуымен мынадай тақырыптар бойынша пленарлық отырыс, Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесінің отырысы, панельдік сессиялар өтеді:

  • Қазіргі жағдайда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
  • Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрлық технологиялар;
  • Жастар және ауыл шаруашылығы: білім берудегі жаңа үрдістер

9 қараша түстен кейін Астанадан мемлекет басшыларын онлайн қосып, форумның пленарлық отырысын өткізу жоспарланған.

Форум қорытындысы бойынша 3 өңіраралық құжатқа қол қою көзделеді:

  • Қостанай облысының әкімдігі мен Башқұртстан Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық салаларда халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстарды жүзеге асыру туралы келісім;
  • Қостанай облысының әкімдігі мен Орынбор облысының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімді іске асырудың жол картасы;
  • Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Орынбор облысының Үкіметі арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі жол картасы.

Сондай-ақ, $83 млн сомасына 2 коммерциялық құжатқа қол қою жоспарланған.

1) «Qyzyljar» АЭА басқарушы компаниясы» ЖШС мен «Хлебпром» ААҚ арасында ұзақ мерзімді сақталатын нан-тоқаш өнімдерін өндіру бойынша ынтымақтастық және жобаны іске асыру туралы меморандум

2) Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Kazakh Invest» ҰК АҚ мен «Ресей Федерациясы» Уралкран» МК арасындағы жүк көтергіш жабдықтарды өндіру жөніндегі ынтымақтастық және жобаны іске асыру туралы меморандум.

Айта кетейік, 8 қарашада екі ел басшыларының БАҚ-қа берген сұхбаты шықты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Известия» газетіне сұхбат беріп, екі елдің қарым-қатынасы, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық, санкциялық текетірестер және БҰҰ-ның рөлі туралы айтты. Ал Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға сапарының қарсаңында «Казахстанская правда» басылымына сұхбат беріп, екіжақты қарым-қатынас туралы сөз қозғады.

 

 

Соңғы жаңалықтар