Қос азаматтық фактілеріне қарсы заңнама күшейтіліп жатыр – министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экономикамызға пайдалы мамандарға тұрақты тұру рұқсаты оңай тәртіппен беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Көші-қон саясаты тұжырымдасын іске асыру барысын талқылау кезінде Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос азаматтық фактілеріне қарсы заңнама күшейтіліп жатыр – министр

«Ішкі істер министрлігі – көші-қон саясаты тұжырымдамасында бірқатар іс-шара бойынша негізгі орындаушы. Біріншіден, елімізде тұрақты тұру рұқсатын беруге тоқталсақ, мұндай рұқсат елімізге, экономикамызға пайдалы мамандарға оңай тәртіппен беріледі. Мысалы, IT-мамандарына, ғылым, денсаулық және өндіріс саласының кәсіби шеберлері ескерілген. Екіншісі мәселе – ол виза алуды жеңілдету. Бұл түзету еліміздің экономикасына 300 мың АҚШ долларынан артық инвестиция салған шетелдіктерге қатысты болады», - деді М. Ахметжанов.

Сонымен қатар ол тұжырымдама аясында азаматтық туралы заңнаманы жетілдіру бағытына тоқталды.

«Қазақстан азаматтығын алу шартының бірі –мемлекеттік тілді, тарихты және Конституцияны қарапайым деңгейде білу. Ол біздің мәдениет пен дәстүрді тануға, яғни қоғамға қиналмай бейімделуге мүмкіндік береді», - деді министр.

«Бұдан басқа, қос азаматтық фактілеріне қарсы заңнаманы күшейту жоспарланып отыр. Егер Қазақстан азаматы басқа елдің азаматтығын растайтын құжатты алса немесе пайдаланса, онда біздің азаматтықтан дереу шығарылады. Қазір заңнамада мұндай шаралар қарастырылмаған. Сондықтан бұл жоба мен тиісті түзетулерді Үкімет және Президент Әкімшілігі мақұлдады. Яғни көші-қон саласындағы заң жобасына енгізілді (Парламент Мәжілісінде)», - деді ведомство басшысы.