Қос баға: Сауда министрлігі сатып алу мен бөліп төлеудің айырмашылығын түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл күзден бастап елімізде тауарларға екі түрлі баға қою жүйесі енгізіліп жатыр. Оның мәні неде?

Тұтынушы құқығы
Фото: Pixabay.com

Тікелей сатып алу мен бөлеп төлеудің айырмашылығын Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Еркебұлан Тағашев түсіндірді.

- Егер тауардың құны бөліп төлеусіз көрсетілсе, бірақ, сатушы банк арқылы қосымша комиссиямен немесе пайызбен рәсімдеуді ұсынса, бұл сатушының өз тарапынан айтқан ұсынысы болып есептеледі. Сатушы сізге осындай банк шарттары барын айтып жеткізіп отыр. Сіз QR арқылы төлеген кезде, төлемді тікелей сатушыға жасамайсыз, яғни бөліп төлеуді рәсімдейсіз, бірақ оны сатушымен емес, банкпен жасайсыз, - деп түсіндірді Еркебұлан Тағашев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, сатушы клиентке тауар құнын банк арқылы бөліп төлеу мүмкіндігі барын айтып, ұсына ғана алады.

- Егер клиентке қосымша төлем шарттары туралы сатып алу жүзеге аспас бұрын айтылса, ол заңды. Ал бөліп төлеуде сатушы тауар бағасын өздігінен көтерген жағдайда, заң бұзушы болып саналады. Егер сатушы сізге ұсынды, сіз оған өз еркіңізбен келіссеңіз, одан арғы мәселе банкпен байланысты, - дейді ол.

Бұған дейін ауыл тұрғындарының тұтынушылық құқығы қалай қорғалып жатқаны туралы қозғаған едік. 

Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігінің өкілі «Тауардың жарнамадағы бағасы мен дүкендегі бағасы арасында айырмашылық болса, не істеу керек?» деген сауалға жауап берді. 

Айта кетейік, жыл басынан бері 2,2 млрд теңгеге тұтынушылардың құқығы қорғалды. 

Соңғы жаңалықтар