«Қос дөңгелекті көлік Астананың ажарын ашады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 8 тамыз, сенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. Отырыс барысында құрылыс саласындағы жаңа реттегіш құралдар ықпалына жасалған талдаулар нәтижелері қаралды. Бұл жаңа бастама Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен салалық ассоциациялар тарапынан оң қорытындыға ие болды. Отырысқа қатысушылар келесі реттегіш құралдарды енгізуге қолдау білдірді. Олар: тапсырыс берушінің функциясын жүзеге асыру және құрылыс нысандарын тапсыру бойынша құрылыс жобаларын басқару жөніндегі инжинирингтік компанияларды аккредиттеу; ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен тұрақтылығына техникалық байқауды және техникалық зерттеуді жүзеге асыратын заңды тұлғаларды аккредиттеу; құрылыс және жобалау ұйымдарының инженерлік-техникалық қызметкерлерін аттестаттау жөніндегі мемлекеттік емес орталықтарды аккредиттеу. Тиісті жағдайлар (өзін-өзі реттеу туралы заңның қабылдануы, жауапкершілікті белгілеу) болған жағдайда аккредиттеудің бұл түрлері келешекте бәсекелес ортаға берілетін болады. Аталған құралдарды енгізу құрылыс жобаларын басқаруға, техникалық қадағалау мен зерттеу саласына, аттестациялық орталықтар жұмысына мультипликативті әсер беретін болады. Бұл жайында «Құрылыс саласындағы жаңа бастама» атты материалда берілген.

Бас басылымда «Ақын жеріндегі саяхат әлеуметтік желіде әспеттелуде» деген мақала жарық көрді. Шығыс өңірінде «Абай жеріндегі саяхат» атты блог-сапар өтті. Абайдың 170 жылдық мерейтойы аясында Шығыс Қазақстанға арнайы келген блогерлер қауымы бір апта бойы өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштермен танысып, ақынның туған жерінде болды. Сондай-ақ, олар облыстағы туристік және спорттық кластердің дамуымен танысты. Блог-сапар бағдарламасы облыс орталығында басталып, әлеуметтік желіні белсенді қолданушылар Ертістің сол жағалауындағы саябақ кешенінде, этно­ауылда, ашық аспан астындағы музейде, Халифа Алтай атындағы облыстық мешітте, облыстық драма театрында болды. Сонымен бірге, жаңа спорттық нысандар - О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі, орталық бассейн және жекпе-жек сарайындағы спорттық кластерді дамыту жобасымен танысты. - Әсіресе, этноауыл ұнады. Қазақ, орыс, корей, белорус, шешен, украин және басқа да ұлттардың қонысын көріп, әрқайсысының мәдениеті мен тарихынан хабардар бола аласыз. Бұл үйлердегі әр зат - бағалы жәдігер. Негізінен, этностар өздерінің тарихи жәдігерлерін осында орналастырыпты. Маған чешен мен грузиннің қоныстары ұнады, - деп жазды ақын Т.Таңжарық әлеуметтік желідегі жеке парақшасында. Блог-сапар барысында қонақтар облыстың туризм саласын дамытудағы жобаларымен де танысты. Катонқарағай және Зырян аудандарында ауылдық туризмді дамыту жобалары жөнінде білген олар Берел қорғандары мен марал шаруашылықтарында болды.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, жалғыз ғана автокөлік тұратын орынға бірден он велосипед тұрақтайды. Велосипедшілері көп ел бензинді жылына 900 миллион литрге дейін аз тұтынады. Велосипед тебу кезінде адам сағат сайын 600 калорий жағып, семіздіктен «қашып» құтылады. Күн сайын велосипедпен 6 шақырым жүрген адамда миокард инфарктінің қаупі 50 пайызға азаяды... Қос дөңгелекті көлік құралының пайдасын ары қарай тізе беруге болады. Мұны жақсы түсінген мемлекет ірі қалаларда осы көлік түрін кеңінен танымал етудің шараларын қолға алуда. Соның бірі Астанада іске асырылып жатыр.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолға алған «Astana Bike» велосипедті жалға беру жобасы «Ашық есік күнін» және баспасөз-турын өткізді. Команда өкілдері журналистерге күннен қуат алатын велосипедтердің шеберханасын, велоқұралдарды сақтау қоймасын және жаңадан іске қосылған 22 велостансасын көрсетті»,-деп жазады басылым бүгінгі санындағы «Қос дөңгелекті көлік Астананың ажарын ашады» атты мақаласында.

Бұл жүйенің табыстылығына көз жеткіз­ген «Самұрық-Қазына» қоры жобаны ары қарай кеңейту туралы шешім қабылдапты. Енді велостансалар Есілдің оң жағалауын­дағы Астананың ескі орталығында да ашылуда. Бұл ретте велопаркті 1 мың вело­сипедке дейін ұлғайту, ал жалға беру стан­саларын 150-ге жеткізу жоспарланып отыр екен. Осылайша, жоба елорданың 98,35 шаршы шақырымын немесе жалпы ұзын­дығы 85 шақырымды құрайтын 45 көшесін қамтитын болады.

Осы басылымда «87 үміткер «болашақ» стипендиясына ие болды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссия мүшелері «Болашақ» халықаралық стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған даму жоспарын мақұлдады, сонымен бірге кезекті конкурстық іріктеудің үміткерлеріне стипендия тағайындау мәселесін қарады. Сөйтіп, 87 азаматқа «Болашақ» стипендиясы тағайындалды.

Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Ғани Нығыметовтің айтуына қарағанда, «Болашақ» стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған жоспарында бірқатар жаңа бастамалар, соның ішінде Split-PhD бағдарламасы қабылданып отыр. - Конкурс ашылғалы бергі екі айда біз магистратураға жаңа тәр­тіппен қабылдап жатырмыз. Жаңа тәртіп бойынша, журналистер мен мәдениет саласының қызметкерлері де шетелге магистратураға оқуға бара алады. Бұрын Қазақстанда магистр дәрежесі бар азаматтар «Болашақ» бағдарламасымен шетелге барып ма­гистратурада оқи алмайтын. Ал енді Қазақстан университеттерінде ма­гистр дәрежесін алған кез келген аза­мат шетелде магистратурада оқуына болады, тек ол үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы магистратурада тек басқа мамандық бойынша оқи­ды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, шетелде тағылымдамадан өту тәр­тібіне де өзгерістер енгізілді.

Тағы­лымдамадан өтуге жіберілетін ма­ман­дықтар тізімі қысқартылды. Тағылымдамадан өту үшін шетелге «100 нақты қадам» ұлт жоспарында көрсетілген мамандық иелері жі­беріледі. Мәселен, Есеп комитеті, халыққа қызмет көрсету орталық­тарының қызметкерлері, мемлекет­тік қызметкерлер, сосын Астанада құры­лып жатқан қаржы орталығына эко­номистер мен жаңадан құры­ла­тын сот жүйесінің қызметкерлерін де «Болашақ» стипендиясы арқылы дай­ындаймыз, - деді Ғани Нығы­ме­тов. Бүгінгі таңда «Болашақ» стипен­диясы иегерлері 33 мемлекеттің өзі таңдағанына жіберіліп жатыр. Десе де, «болашақтықтардың» 45 пайызы Ұлыбританияға таңдау жасаған.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Қазақ мейрамханасы неге жоқ?» деген мақала жарияланды. «Осындай тақырыппен газетіміздің №30 (1288) санында журналист Д.Төлебаевтың мақаласы жарық көрген болатын. Осы мақалаға орай редакциямызға оқырмандар тарапынан көптеген пікірлер келіп түсті»,-деп жазады басылым. Осы тұрғыда бұл мақалаға байланысты газет бірқатар пікірлерді оқырмандар назарларына ұсынып отыр.

«Мен қазақтың этнографиялық құндылықтарын зерттеп келемін. Сонда көз жеткізгенім, ол біздің ұлттық тағамдарымыздың әлем халықтарының тағамдарынан еш кем түспейтіндігі. Қазы-қарта, жал-жая, ет, сорпа, айран мен шұбат, қымыздың түр-түрі шын мәнінде бірегей нәрселер. «Қазақ мейрамханасы неге жоқ?» деген мәселе өте орынды қозғалып отыр деп ойлаймын. Біз күнделікті өмірде өзіміздің ұлттық тағамдарымыздың, ас-суларымызды пайдалануға дағдылануымыз керек. Себебі оның бойымызға берер күш-қуаты, нәрі бөлек. Ұлттық тағамдарымыздың пайдасы туралы көптеген ғылыми еңбектерді оқыдым, ой елегінен өткіздім. Қарап тұрсаң, бәрі де табиғи, экологиялық тұрғыдан алғанда таза. Жасанды химиялық қоспалары жоқ. Демек, ұлттық тағамдарымыздың пайдасын көре, біле тұра, соған мән бермей отырғанымыз өкінішті. Жиын-тойларда, басқосуларда, мереке-думандарда қазақтың барлық тағам түрлері тұрса қандай ғанибет болар еді»,-дейді Павлодардан пікірін білдірген педагогика ғылымының кандидаты Тілеуберді Азамат.

Соңғы жаңалықтар