Көшеде, аулаларда қолдан сүт сатып алу қауіпті

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты - халықты «жабайы» сауданың қаупі туралы ақпараттандыру және оның алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқан жергілікті атқарушы биліктің істерімен таныстыру.
Тексеру барысында қолдағы сүттердің құжаттары, фермерлік шаруашылықтың, малдың ветеринарлық анықтама қағазы, сүттің сату күнінде берілген сапа куәлігі, сатушының санитарлық кітапшасы мен арнайы киім киюі, сондай-ақ сақтау жағдайларының (температуралық режим) қадағалануы тексерілді.
Алмалы ауданы әкімшілігінің кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бөлім бастығы Ербол Жансейітовтың айтуынша, жыл басынан аудан бойынша - 158 нысан, жазғы маусым басталғаннан бері - 34 еркін сауда нүктелері анықталып, жабылған. Жылдың басынан 520 хаттама, жазғы маусым басталғаннан бері - 33 хаттама жасалған. «1 қаңтардан бастап барлығы 105 тексеру, 1 маусымнан бастап - 22 тексеру жүргізілді. Жыл басынан бері 1 306 833 теңге айыппұл алынды», деді ол. Оның айтуынша, аулаларда немесе көше бойында қолдан сүт саудасы кезінде кең таралған бұзушылық - ветеринарлық куәліктің жоқтығы, яғни шаруашылықтың індеттерден және бруцеллез, туберкулез сияқты аса қауіпті дерттерден аман екенін растайтын құжаттардың, сатушының санитарлық кітапшасының болмауы.
«Тұтынушы өнімнің қауіпсіздігі мен оның тағамдық құндылығында сенімді болуы үшін зертханалық зерттеулер қажет, сол себепті техникалық регламент, яғни сүттің барлық өндірушілері мен сатушыларына арналған ереже қабылданғанын тұтынушы білуі тиіс. Індетті аурулардың алдын алу үшін сүт сияқты өнім пастерленіп, орамаға құйылуы қажет, яғни өңдеу сатысынан өтіп, сауда желісі арқылы сатылуы тиіс», деп атап өтті Сүт одағының атқарушы директорының орынбасары Лидия Михеева. Ол тексеру барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің «Қоғамдық қауiпсiздiкке және халықтың денсаулығына қол сұғатын әкiмшiлiк құқық бұзушылық» туралы 21-ші тарауы техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін өнімнің сатылуына тыйым салатындығын сүт сатушылардың есіне салды.
«Көшеде ашық ыдыста сатылатын сүт өте қауіпті. Мұндай сүтті үй жағдайында өңдеуден өткізсеңіз де, оны қолдану қауіпсіз емес. Қайнату арқылы кейбір микроорганизмдерді жойғаныңызбен, алтын стафилококк, ішек туберкулезінің қоздырушысы сияқты термотұрақты микроорганизмдер сақталады», - деп ескертті Алмалы ауданының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Меруерт Қасымова.