Көшеде аю жүр: Риддерде жедел топ аюларды үркітіп, елді мекен маңынан алшақтатты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында күн жылы болуына байланысты аюлар әлі ұйқыға кетпеген.
Биылғы көктем, жаз мезгілдерінде Риддер жұртшылығы аю көргендерін айтып, құзырлы органдарға жиі хабарласқан болатын. Күз кезінде де түз тағысы көшеге кіріп кеткен видеолар желіде тарады.
Соған байланысты Орман және аңшылық жедел әрекет ету жасағының инспекторлары рейдке жиі шығып келеді.
- Жедел топ рейдтерді әлі де жалғастырып жатыр. Себебі күн жылынуына байланысты аюлар ұйқыға кетпеген. Қалада қазір жағдай тыныш, аюларға қатысты ешқандай шағым жоқ.
Инспекторлар аспанға оқ ату арқылы аюларды үркітіп, елді мекен маңынан алшақтатты, - дейді жедел әрекет ету жасағының бастығы Ермек Бағлан.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО мен Абай облысында тұрғындар ашыққан аюлардан үрейленіп отырғаны хабарланған.