Көшедегі валюта бағамын көрсететін кестелерге тыйым салу шарасы 2 айлық сынақтан өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк көшедегі валюта бағамы көрсетілген кестелерге тыйым салу туралы қаулыны маусым айында қабылдауды жоспарлап отыр. Алайда нарық жаңа шешімге әбден бой үйрету үшін тамыз айына дейінгі кезеңді өтпелі мерзім етіп белгілемек.

обмен валюты, ақша айырбастау
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Қаулы жобасы ашық нормативтік құқықтық актілер интернет порталына жарияланып, көпшіліктің талқысынан өтті. Қазір жоба Әділет министрлігінің қарауында жатыр.

Жобаны биылғы маусымда қабылдау жоспарда бар. Оған нарық қатысушыларының жұмысын бейімдеу үшін 2025 жылғы тамыз айына дейін өтпелі кезең қарастырылған. Жоба еліміздегі айырбастау пунктерінің жалпы санына әсер еткен жоқ, - деп жазылған Kazinform сауалына жолданған жауапта.

«Ашық НҚА» порталындағы талқылау кезінде қаулы жобасына қарсы пікірлер мен өтініштер де түсіпті.

- 05.05.2025 ж. жағдай бойынша «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы заңды тұлғалардан түскен 2 өтініш қаралды. Сонымен қатар ашық нормативтік құқықтық актілер порталына 10 пікір жазылған: оның 6-ын– жеке тұлғалар, 4-ін заңды тұлғалар жазған, - деп жазады Ұлттық банктегілер.

Еске салсақ, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов көшедегі валюта бағамының кестелерін ілуге неге тыйым салып жатқандарын түсіндірген болатын. 

Соңғы жаңалықтар