Көші-қон полициясы мамандары оралмандарға арнап тренигтер өткізді

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - 2013 жылдан бастап «Мейірім-Демеу» көшіп-қонушыларды және аналар мен балаларды ақпараттық қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында

Көші-қон полициясы мамандары оралмандарға арнап тренигтер өткізді

Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Оралмандарды әлеуметтік бейімдеу және қолдау қызметін ұйымдастыру» атты әлеуметтік жоба жұмысын жүргізуде. Жобаның басты мақсаты - елордамыз Астана қаласына алыс және жақын шетелдерден қоныс аударған оралмандарға құқықтық, ақпараттық, рухани, психологиялық, тілдік көмектер көрсету арқылы олардың жаңа ортаға кірігіп, қоғамдық өмірге еркін араласуына мүмкіндік жасау, қоғамдық белсенділігін арттыру, деп хабарлайды аталған бірлестіктің баспасөз қызметі.

Жоба аясында Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Астана қаласының Ішкі істер департаменті, Көші-қон полициясы басқармасы, Тұрғын үй басқармасы, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, АХАЖ бөлімі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі мамандарының қатысуымен ағайындардың құқықтық, әлеуметтік бейімделуін арттыруға, олардың жаңа ортаға сіңісуін қамтамасыз етуге байланысты семинар-тренингтер, оқыту сабақтарын ұйымдастырылмақ.

Осыған байланысты, жуырда Астана қаласындағы оралмандардың қатысуымен «Көші-қон үрдісінің құқықтық жағдайлары» атты тренинг өткізілді. Тренингті Астана қаласы, Ішкі істер департаменті, Көші-қон полициясы басқармасының маманы Айна Барбасова жүргізді. 2011жылдың 22 шілдесінде қабылданған Қазақстан Республикасының «Халықтың көші-қоны» туралы жаңа Заңын таныстырып, көшіп келушілерге уақытша және тұрақты тіркеу, ықтиярхатты алу, оралман мәртебесін алу, азаматтықты қабылдау сияқты сұрақтарына жауап берді.

Күнделікті жұмыс барысындағы бақылауларға сүйенсек, көптеген қандастарымыз түсінбеушіліктен және заң білмеу себептерінен төлқұжаттарын уақытында тіркемеу, тұрақты тіркелген күннен бастап 10 күн ішінде ықтиярхатты рәсімдемеу, төлқұжаттарының, ықтиярхаттарының мерзімі өтіп кету, құжаттарын жоғалту, ұрлату, бүлдіріп алу сияқты қиындықтарға тап болады.

«Сондықтан Қазақстан Республикасының заңдарын оқып, оны білетін жергілікті азаматтармен араласып жүруіңіз жаңа келген орында тез де тиімді жайласып кетулеріңізге алғышарт бола алады», - деп атап өтті А. Барбасова.