Көші-қон заңнамасын бұзуға қатысты 37 қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің Көші-қон полициясы басқармасы мен оның желілік бөліністерінде жыл басынан бері ҚР көші-қон заңнамасын бұзуға жол бермеу және анықтау мақсатында, Департаменттің қызмет көрсету аумағында көші-қон үдерістерін бақылауды қаматамасыз етуге бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылды.
Көліктегі ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзуға қатысты 37 қылмыстық іс қозғалған. Олардың 16-сы ҚР мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту (ҚР 330-бабы), 15-і ҚР аумағынан тыс жерге шығу туралы соттың шешімін орындамау, 6-уы заңсыз көші-қон ұйымдастыру (ҚР ҚК 330-2-бабы) бойынша.
Ағымдағы жылдың басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 1817 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, көші-қон заңнамасынан басқа әртүрлі құқық бұзған 3118 шетелдік азаматқа әкімшілік жаза қолданылды. Сот шешімімен 29 шетелдік азамат ҚР аумағынан тысқары шығарылды.
Жалпы 11 ай ішінде көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азаматтарға 15 млн 722 мың теңге айыппұл салынды.
Көліктегі ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Талғат Өтетілеуовтің айтуынша, 2014 жылдың 3-5 желтоқсаны аралығында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз келетін адамдарды анықтау мен заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушылардың жолын кесу мақсатында Көліктегі ІІД қызмет ету аумағында «Мигрант» жедел- алдын алу іс-шарасы өткізілуде.