Көші-қонның оң сальдосы этникалық қазақтардың келуінен жүзеге асып, олар жалпы келгендердің 72,4 пайызын құрап отыр - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г. Әбдіхалықова

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестері және көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру перспективалары» тақырыбына арналған ғылыми-практикалық конференция барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, өз тәуелсіздігін алғаннан бері дүниежүзілік көші-қон үдерісінің белсенді қатысушысы болған Қазақстанға егемендіктен бері 1 млн.-нан астам этникалық қазақтар қоныстанған. «Демографиялық көрінісі бойынша оралмандарың 54 пайызы еңбекке қабілетті тұлғалар. Бұның ішінде 18 жасқа дейінгілер 41 пайызды құрайды, зейнеткерлер шамамен 5 пайыз деңгейінде. Елімізде оралмандарды уақытша орналастырудың 14 орталығы қызмет етеді», деді Г. Әбдіхалықова.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, Отанына оралған қандастарымыздың жалпы санының білім деңгейі бойынша 9,1 пайызы жоғары білімді, 20,7 пайызы орташа арнайы білімді, 63,6 пайызы жалпы орташа білімді, 6,7 пайызы бастапқы немесе білімі жоқтардың қатарында.
Жалпы алғанда республика бойынша көші-қонның оң сальдосы этникалық қазақтардың келуінің арқасында жүзеге асып отыр, олар жалпы келгендердің 72,4 пайызын құрайды. Сонымен бірге, 1991-2009 жыл аралығында республикаға таяу және алыс шетелдерден 201 мың 309 отбасы (789 мың 339 адам) этникалық қазақтар қоныс аударды. Өзбекстаннан 120 мың 723 отбасы (470 мың 208 адам), Қытайдан 23 мың 790 отбасы (79 мың 341 адам) және Монғолиядан 22 мың 259 адам (109 мың 771 адам) келді.