Қошқар ата улы қалдықтар қоймасының айналасы көгалдандырылады - министрлік

АҚТАУ. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қошқар ата улы көлінің келешегіне қатысты ресми сауалға жауап берді. Вице-министр Жомарт Әлиевтің айтуынша, радиациялық қалдық қоймасын биологиялық рекультивациялау жоспарланып отыр. 

қоқыс, экология,
Фото: Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

— Маңғыстау облысы әкімдігі «Қошқар ата» радиациялық қалдық қоймасына жүргізілген қосымша зерттеу нәтижесіне байланысты қалпына келтіру жұмысын тоқтатты. Сонымен қатар, аталған зерттеудің қорытындысына қарай қалдық қоймасының айналасын көгалдандыру жөнінде шешім қабылданды, — дейді вице-министр.

Көгалдандыру үшін енді арнайы жоба жасақталып, қаржыландыру көздері анықталмақ.

— Биыл биологиялық рекультивация жобасының жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу арқылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын аламыз деп күтіп отырмыз. Аталған жоба арқылы қалдық қоймасын биологиялық рекультивациялау жөніндегі бүкіл жұмыстың құны белгіленеді, оның негізінде қаржыландыру көздері айқындалады, — дейді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев. 

Айта кетейік, Қошқар ата улы көлінде белсенділігі жоғары радиоактивті 150 миллион тонна қалдық жиналған.

Оның ішінде уран рудасы — 51,8 млн тонна. Ал, оның зардабын айналасында тұратын 400 мыңға жуық халық тартып отыр.

Бұған дейін 52 млн тонна уран қалдығы жатқан «Қошқар ата» радиациялық қоймасының келешегі туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар