«Көшпенділер даласы»: Алматыдағы халықаралық көрмеде тазылар таныстырылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда қазақ тазысының және өзге де ит тұқымдарының қатысуымен «Көшпенділер даласы» атты көрме өтіп жатыр. Іс-шараны «Аврора» кинологиялық клубы ұйымдастырып отыр.

тазы ит
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Халықаралық көрмеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден барлығы 500-ден астам ит әкелінген.

тазы иттер
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Сондай-ақ, көрме кезінде 50-ден астам ит, оның ішінде қазақ тазылары асыл тұқымды иттердің ресми стандартына сәйкес бағаланып, ұлттық және халықаралық чемпиондық атақты сарапқа салады. Оған Нидерланд, Словакия, Грекия және Қытайдан келген халықаралық сарапшылар төрелік етеді.

ит
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— 28-29 қыркүйек күндері Алматыда үш іс-шара өтіп жатыр. Олар: ұлттық көрме, халықаралық көрме және монотұқымды тазыға арналған арнайы көрме. Монотұқымды көрмеге 30-дан астам тазы қатысып отыр. Бұл тарихи оқиға. Себебі тазыны әлемдік деңгейде мойындағанға дейін біздің иттеріміз мойындалмаған топтың ішінде өнер көрсететін. Бүгін өзіне ұқсас мойындалға иттердің арасында сайысқа түседі, — деді Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

тазы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

ҚР Президенті Іс басқармасының өкілі Қайсар Жұмабайұлы алдағы 10 жылда тазылардың санын көбейту және халықаралық аренада таныту бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

тазы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Президентіміздің тапсырмасымен соңғы 2 жылда айтарлықтай жұмыс атқарылды. Халықаралық кинологиялық федерация қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп алдын ала тану туралы шешім қабылдады Енді алдағы 10 жылда біраз еңбек ету керек. Халықаралық кинологиялық федерацияның талабына сәйкес асыл тұқымды тазылардың санын көбейту, халықаралық іс-шараларға жиі қатысып, оларды елімізде өткізу қажет. Сонда толықтай мойындалып, әлемге дәрежеге көтерілеміз деп сенемін, — деді Қайсар Жұмабайұлы.

ит көрмесі
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Халықаралық көрмеге көп жылдан бері тазы асыраумен айналысатын отбасылар да қатысты. Олардың бірі — Ернар Мүтекеевтің отбасы. Итбегінің айтуынша, жеті қазынаның біріне жататын жануарды өсірумен айналысқанына 15 жылдан асқан. Ол осы жылдардың ішінде қазақы тазының адалдығы мен ақылдылығына тәнті болған.

кәнден
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Осы Алматыда тұрамыз. Қазіргі уақытта ересек 12 тазы және 5 күшігіміз бар. Тазының мінезі жақсы, адамға жақын, иесіне адал болады. Аңшылыққа жаралған ит, өте жылдам келеді. Жетісіне бір рет тазыларымызбен аңға шығып тұрамыз, — деді Ернар Мүтекеев.

тазы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Көрменің тағы бір қатысушысы Меруерт Есенова Ақсауыт есімді тазыны баптап жүргеніне 2 жыл болғанын айтты. Оның сөзінше, иттің бұл тұқымын жиі жүгіртіп тұру қажет.

тазы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— 3 айлық кезден өзім бағып келемін. Аты — Ақсауыт, жасы 2-де. Тазы басқа тұқымдарға қарағанда өте сабырлы, адамды мүлдем қаппайды және таза келеді. Өзі отырған жерге дәрет сындырмайды. Енді тазы асыраудың бір ерекшелігі — тазыны жылқы секілді күнде жүгіртіп тұру керек. 3-4 күн үйде отырып қалса, күші жиналып қалады. Өйткені оларда энергия толып тұрады, — деді ол.

ит тұқымдары
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Еске салайық, Халықаралық кинологиялық федерацияның Бас комитеті қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп әдепкі (алдын ала) тану туралы шешім қабылдады.

тазы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар