Көшпенділер ойыны: Мангала қандай ойын, Қазақстаннан ел намысын кімдер қорғайды

АСТАНА. KAZINFORM – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген спорт түрінің бірі - түрік халқының зияткерлік ойыны Мангала.

мангала
Фото: trtavaz.com.tr

Мангаланы екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқыр болады, олар бірге 12 кішкентай шұңқырды құрайды. Сонымен қатар, ойыншылардың тастарды жинайтын үлкен жинақтаушы сақтау шұңқыры болады. «Мангала» ойыны 48 таспен ойналады.

Ойын жеребе тастаудан басталады. Ойыншылар барлық 48 тасты, төрт-төрттен 12 шұңқырдың әрқайсысына таратып, жинақтау шұңқырын бос қалдырады. Тақтаның өз жағындағы алты кішкентай шұңқыр ойыншының алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқыр сәйкесінше қарсыластың алаңы. Ойыншылар өз қоймасында мүмкіндігінше көп тас жинауға тырысады. Кім көп тас жинаса, сол ойыншы жеңіске жетеді.

Команда құрамы 2 ер, 2 әйел, 1 бапкерден тұрады.

Жарыстар швейцариялық жүйе бойынша жеке және командалық есеп бойынша өткізіледі. Кезеңдер саны – 7. Қорытындылар ерлер мен әйелдер арасында бөлек жиынтықталады. Әр ойыншыға бір ойынға 20 минут уақыт беріледі.

Жарыстар дүниежүзілік «Тоғызқұмалақ» федерациясы «Мангала» халықаралық федерациясымен бірлесіп өткізіледі.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында мангаладан ел намысын ерлер арасында Азамат Қайдаров, Биғали Зкрияев қорғаса, әйелдер арасында Құндыз Есіркеп пен Айкерім Қуанышбекова қорғайды.