Қосылған құн салығынан босату баспа саласын қалай өзгертеді - сарапшы пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кітаптар мен оларды шығару қызметтері қосылған құн салығынан босатылады. Бұл жаңалық білім беру мен баспа саласына қандай өзгеріс әкелмек? Осы және өзге де маңызды сұрақтарды «Arman-PV» баспасының бас директоры Дидара Алинаға қойдық.

– Баспа ісі – өзге бизнес салаларымен салыстырғанда баяу айналымды, өзіндік ерекшелігі бар сала. Бұл шешім жұмыстарыңызға қалай әсер етпек?
– Иә, баспа нарығы – жылдам тұтынатын емес, ұзақ мерзімді мазмұн өндіретін сала. Бір кітаптың артында айлар мен жылдарға созылатын еңбек, көп салалы шығын жатады. Бұл – авторлық қаламақы, редакция, көркемдік өңдеу, дизайн, баспа және логистика шығындары.
Осы процестің бәрінің үстінен 12 пайыздық ҚҚС қосылып, кітаптың түпкі бағасын өсіретін. Әсіресе балалар мен оқу әдебиетіне келсек, бұл баға қолжетімділікті күрт төмендететін. Ал енді ҚҚС-тың алып тасталуы – бізге дем беретін шешім. Бұл салаға инвестиция тартуға да оң әсер етеді.
– Оқулық дайындау – сырт көзге қарапайым көрінетін, бірақ іс жүзінде күрделі үдеріс. Сол процесті ашып айтып берсеңіз...
– Бұл – шығармашылық, ғылыми және технологиялық еңбектің түйіскен жері. Оқулық баланың дүниетанымына, тіліне, логикасына тікелей әсер ететін құрал. Сондықтан біз әр оқулықты жазғанда баланың жас ерекшелігі, қабылдау стилі, визуалды талғамы, тілдік ортасы – барлығын ескереміз. Мысалы, бір сөйлемге қатысты шешім қабылдау үшін апта бойы бірнеше маман кеңесуі мүмкін.
Әр материал – тек автор мен редактордың емес, әдіскердің, дизайнердің, сарапшының, заңгердің ортақ жұмысы. Мысалы, бірнеше жыл бұрын оқулықтарға цифрлық сілтемелерді міндетті түрде енгізу туралы ұсыныс жасалды. Бұл шешім сол уақыт үшін өте өзекті еді, балаларды цифрлық контентпен жұмыс істеуге үйрету керек болды. Алайда уақыт өте келе кей сілтемелердің мазмұны өзгерді, кейбірі мүлде жұмыс істемей қалды. Бұл – цифрлық ортаның табиғи сипаты. Біз кейін осы сілтемелерді алып тастап, қайта басып шығардық. Бұл – оқушы мен мұғалім алдындағы жауапкершілікпен жасалған шешім.
Былайша айтқанда, оқулық – қоғам мен технологияның дамуына сай мазмұны қайта қаралып, жаңартылып отыратын білім құралы.
– Кейінгі жылдары қандай оқулықтар мен жобаларға басымдық беріліп жүр?
– 2025 жылы біз «Цифрлық сауаттылық», «Орыс тілі», «Физика», «Қазақ тілі» пәндері бойынша жаңа буын оқулықтарын әзірледік. Әрқайсысы – мазмұны терең, құрылымы оқушыға жеңіл, мұғалімге ыңғайлы етіп жасалған кешенді жүйе.
Сонымен қатар, біз халықаралық тәжірибені де тиімді пайдаланып келеміз. Мысалы, Лэнс Кингтің авторлық тұжырымдамасына негізделген «XXI ғасыр дағдылары» атты ерекше жобамыз бар. Бұл кітап баланың сыни ойлау, креативтілік, эмоциялық интеллект сияқты қабілеттерін дамытуға бағытталған. Бұл – тек оқулық емес, тұлғаны қалыптастыру құралы.
– Оқулықтың сапасы деген мәселеге тоқтала кетсек...
– Оқулық мектепке жол тартпас бұрын Оқу-ағарту министрлігінің жүйелі, көп сатылы сараптамасынан өтеді. Бұл – мазмұндық, әдістемелік, техникалық және тілдік сүзгіден тұратын кешенді тексеріс.
Сараптама процесін үйлестіретін басты орган – Республикалық білім мазмұнын сараптау орталығы. Орталықтың кәсіби сарапшылары оқулықтың сапасына, құрылымына, әдістемелік негіздемесіне терең талдау жүргізеді. Бұл – білім беру мазмұнының жүйелі түрде жаңартылып, сапалы оқу ресурстарының қалыптасуына негіз болатын маңызды кезең.
Биылдан бастап білім мазмұнын сараптау орталығы оқулық авторларын жаңа оқу бағдарламаларын талқылау процесіне тікелей тарта бастады. Бұл – авторлар мен сарапшылар арасындағы кері байланысты күшейтіп, оқу материалының мазмұнын жетілдіруге мүмкіндік беретін құптарлық қадам.
Құдайға шүкір, бүгінде бұл жұмысқа төрт тарап – министрлік, ұстаздар, авторлар және баспа өкілдері бірлесе атсалысып отыр. Осындай ынтымақтастықтың арқасында соңғы 23 жылда біздің баспамыздан сапалы оқулықтар жарық көріп келеді.
– Мұғалімдердің пікірі қаншалықты ескеріледі?
– Біз үшін ең шынайы кері байланыс – ұстаздардың пікірі. Соңғы жылдары ұстаздардан біздің оқулықтарға қатысты өте жылы, кәсіби пікірлер айтылып жатыр. Бұл – біздің еңбегіміздің нақты бағасы.
Ең бастысы – соңғы жылдары оқулықты таңдауға мұғалімдердің өзі араласа бастады. Егер бұл таңдау шынайы түрде жүзеге асса, онда саладағы ең әділетті шешім болады. Өйткені ұстаз – баламен бірге жүретін, күн сайын оны жетелейтін адам. Ол – қай оқулық тиімді екенін терең түсінетін маман.
– Тарихи-танымдық бағытта қандай жаңалықтар бар?
– Біз үшін кітап – тек білім құралы ғана емес, тарихи жадты, ұлттық сана мен мәдени мұраны жеткізуші құрал. Соңғы жылдары тарихи-танымдық мазмұнға көңіл бөліп отырмыз. Мысалы, журналист Майя Бекбаевамен бірге жасаған «Жошы хан. Ұлы Ұлыстың билеушісі» және «Қазақстан. Жеңіске қосқан үлесі. 1941–1945» атты еңбектеріміз – соның айғағы. Бұл кітаптар - тек деректер жинағы емес, ұлттың жадына арналған рухани ескерткіш.
– Өзіңіз үшін ең үлкен мотивация не?
– Бала білім алып жатыр ма? Мұғалім риза ма? Кітап өмір қажеттіліктері үшін қызмет атқарып тұр ма? Біз үшін ең бастысы – осы сұрақтардың жауабы.
Ұстаз тарапынан айтылған алғыс, оқушының қызығушылығы – тек мақтау емес. Бұл – жұмысымыздың басты өлшемі. Бізді алға жетелейтін күш – осы.