Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Косплей, аниме және комикс: Comic Con Astana-ның екінші күні несімен есте қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Comic Con Astana 2026 фестивалінің екінші күні де түрлі образдар мен косплейге қызығатын жанкүйерлердің басын қосты. 

Косплей, аниме және комикс: Comic Con Astana-ның екінші күні несімен есте қалды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Фестиваль алаңына кіргеннен-ақ кино, аниме мен бейнеойын кейіпкерлерінің ортасына түскендей әсер аласыз. Бір жерде қатысушылар костюмдерін көрсетіп, келушілермен суретке түсіп жатса, енді бір жерде жәрмеңке қызып тұр. Суретшілердің жұмыстары қойылған бұрыштар мен түрлі ойын алаңдарында да адам көп.

Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Қатысушылардың косплейге келу жолы да әртүрлі. Бірі костюмін алғаш рет өзі жасап, бірден кәсіби байқауға жолдама алса, енді бірі әуесқойлар арасында бақ сынауға дайындалып жүр. Ал Comic Con-ға бірнеше жылдан бері келетіндер үшін фестиваль жаңа образдарды көріп, қызығушылығы ортақ адамдармен жүздесетін орынға айналған.

Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ресейдің Сахалин өңірінен келген Мирослава Кулыгина Comic Con Astana-ға алғаш рет қатысып отыр. Ол фестиваль аясындағы кәсіби косплей байқауында Honkai: Star Rail бейнеойынындағы Аглая кейіпкерінің образын көрсетеді.

Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Байқауға дайындаған костюмі — Мирославаның өз қолымен жасаған алғашқы жұмысы. Бұған дейін косплейге қызығып жүргенімен, костюмді толық өзі әзірлеп көрмеген. Сондықтан кәсіби байқауға жолдаған өтінімінің қабылданатынына аса сенімді болмапты.

Мирослава
Фото: Назерке Сүйіндікова/Kazinform

— Костюмді алғаш рет өзім жасадым. Сондықтан өтінім берген кезде кәсіби байқауға өтемін деп ойлаған жоқпын. Осындай деңгейдегі байқауға бірден қабылданғаныма шынымен таңғалдым. Кеше-бүгін байқау бағдарламасын көріп, одан сайын шабыттандым. Енді сахнаға шығатын кезегімді асыға күтіп жүрмін, — дейді Мирослава Кулыгина.

Аглаяны таңдауы да кездейсоқ емес. Мирославаға кейіпкердің мінезі мен киім үлгісі ұнаған.

— Аглаяның өзіне сенімді әрі қайсар мінезі ұнайды. Образы да бірден көзге түседі: алтын түстер көп қолданылған, киімі де ерекше. Сондықтан дәл осы кейіпкердің костюмін жасағым келді, — деді ол.

Мирослава Астанадағы Comic Con-ның ауқымы мен бағдарламасының сан алуандығы да ерекше әсер қалдырған.

— Мұндай үлкен фестивальге алғаш рет қатысып отырмын. Бұған дейін де фестивальдерге барғанмын, бірақ оларды мұндағы ауқыммен салыстыру қиын. Адам өте көп, түрлі ойын-сауық, дүкендер мен алаңдар бар. Мен үшін мұның бәрі жаңа әрі қызық, — деді ол.

Ал Алматыдан келген Далия Ниязова үшін де косплей таңсық емес. Ол анимеге бірнеше жылдан бері қызығып, түрлі косплей байқауында бақ сынап жүр. Comic Con Astana-ға Далия «Қара қызметші» анимесіндегі Сиэль Фантомхайвтың образында келген.

Далия Ниязова
Фото: Назерке Сүйіндікова/ Kazinform

— Анимеге шамамен 2020 жылдан бері қызығамын. «Қара қызметші» — алғаш көрген анимелерімнің бірі, сондықтан мен үшін орны бөлек. Маған Сиэль Фантомхайвтың стилі қатты ұнайды. Осы образды жасап көргім келіп жүргеніне біраз болды. Кейіпкерге барынша ұқсау үшін көгілдір линза да тақтым, — деді Далия.

Ол бұған дейін косплей фестивальдеріне қатысқанымен, Comic Con Astana секілді үлкен фестивальге алғаш келіп отыр. Далия бұл жолы әуесқойлар арасындағы косплей байқауында да бақ сынамақ.

— Мұнда түрлі образдағы адамдар өте көп. Жәрмеңке, дүкендер, суретшілердің жұмыстары да ұнады. Осындай үлкен фестивальге алғаш рет келіп отырмын. Косплей байқауларына ара-тұра қатысамын, бұл жолы да әуесқойлар арасында бақ сынаймын, — деді ол.

Біреулер Comic Con-мен енді танысып жатса, Теміртаудан келген Андрей Аладышев фестивальге осымен үшінші жыл қатарынан қатысып жүр. Оның айтуынша, жыл сайын қайта келуіне ең алдымен мұндағы адамдар мен орта себеп болған. 

Андрей Аладышев
Фото: Назерке Сүйіндікова/Kazinform

— Маған мұндағы атмосфера, адамдар ұнайды. Фестивальге үшінші жыл қатарынан келіп отырмын. Жыл сайын жаңа әсер аламын. Өйткені жаңа образдар пайда болады, әртүрлі адамдар келеді. Бір жыл екіншісін қайталамайды, адамдар да, олардың қызығушылығы да өзгеріп отырады. Сондықтан жыл сайын тамашалау қызық, — деді Андрей Аладышев.

Биыл Андрей «Бэтмен оралады» фильміндегі Пингвин кейіпкерінің бейнесін таңдаған. Бұл образға қызығуына оны экранда сомдаған актер де әсер еткен.

Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Осы кейіпкердің образын жасағым келді. Маған бұл кейіпкерден бұрын оның рөлін сомдаған актер көбірек ұнайды. Сондықтан осы образды таңдадым. Әсіресе костюмді дайындау барысы мен соңында шыққан нәтиже қызық болды, — дейді ол.

Фестивальдің алғашқы күні Андрей костюм кимей, Comic Con-ды көрермен ретінде аралаған. Оның сөзінше, фестивальге міндетті түрде белгілі бір образбен келудің қажеті жоқ. Өзгелердің костюмдерін тамашалап, адамдармен араласудың өзі мұндағы көңіл күйді сезінуге жеткілікті.

— Кеше бұл шараға жай көрермен ретінде келдім. Түрлі костюм киген қатысушылар да, жай тамашалап жүргендер де көп болды. Жалпы көңіл күй ерекше. Осындай ортасы үшін бұл фестивальге жыл сайын келемін, — деді ол.

Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Ал фестиваль алаңында косплей кейіпкерлерінің қатары әлі де толығып жатыр. Алдағы екі күнде қатысушылар байқау сахнасына шығып, дайындаған образдарын көпшілікке ұсынады.

Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform
Comic Con Astana
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Айта кетейік, Comic Con Astana 9 тамызға дейін жалғасады. Фестиваль басталған алғашқы күні іс-шараға 16 мың адам қатысқан.