Қосшы қаласында 100-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады

АСТАНА.  KAZINFORM - Еліміздің ең жас қалаларының бірі Қосшыда бүгін 93 отбасы жаңа баспанаға ие болды.

Қосшы қаласында 100-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Көптен күткен пәтер кілттерін алғандардың қатарында көпбалалы аналар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, балаларын тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-аналар мен толық емес отбасылар бар. 

Қосшы
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Жаңа пәтерлер Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан 2023–2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында сатып алынды. Үйлер Қосшы қаласының келешегі зор аудандарында орналасқан және әлеуметтік нысандар мен қажетті инфрақұрылымға жақын жерде салынған. 

Қосшы үй
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындарды құттықтай отырып, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік органдар қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыруға ерекше назар аударады. Облыста жаңа тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алып келеді. Соңғы жылдары өңірдің тұрғын үй құрылысына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, шамамен 2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 12 мыңға жуық ақмолалық отбасының тұрғын үй мәселесі шешілді. Биыл біз барлық санаттағы азаматтарға шамамен 2 мың пәтерді табыстауды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті М.Ахметжанов.

Қосшы үй
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

– Бүгін біз үйіміздің кілтін алдық. Отбасымыз бұл мүмкіндік үшін ел Президентіне алғысын білдіреді. Үйімізде жөндеу жұмыстары жасалғаны қуантады. Пәтеріміз жарық әрі жайлы – кір де тұра бер, – деді бес баланың анасы Күлшат Токпетова. 

Қосшы
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Айта кетейік, өткен жылдан бастап тұрғын үй мәселесін шешудің тәсілдері өзгертіліп, азаматтарды баспанамен қамтамасыз етудің қосымша шаралары енгізілді. Республикалық бюджеттен әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 850 пәтер сатып алуға қосымша қаражат бөлінді. Атап айтқанда, Қосшы қаласында 180 жаңа пәтердің кілттері табысталды. 

Қосшы
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Соның нәтижесінде жыл ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде тұрған 2,5 мыңға жуық отбасының тұрғын үй жағдайы жақсарды. Бұл көрсеткішке 1,5 мың пәтердің құрылысы мен облыстың 10 өңірінде 850 пәтерді сатып алу арқылы қол жеткізілді. 

Қосшы
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Жалпы, облыста 661 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл 6,3 мың ақмолалық жаңа әрі жайлы пәтерлерге қоныстанды деген сөз.

Қосшыда қоқысқа төленетін тариф арзандағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар