Қосшыда қоқысқа төленетін тариф арзандады

АСТАНА. KAZINFORM – Осы уақытқа дейін Қосшы қаласының тұрғындары қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығаруға 532 теңгеден, заңды тұлғалар 575 теңгеден төлеп келген. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі мәлім етті.

Мусор  қоқыс
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Прокурорлар Ақмола облысының Қосшы қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) шығаруға төленетін тарифтің төмендеуіне қол жеткізді. Қосшы қаласы және оған іргелес аумақ қалдықтарды төгу үшін рұқсат берілмейтін аймақтарға, яғни Астананың халықаралық әуежайынан 30 шақырымда орналасқан аймақтарға кіреді. Осыған байланысты қала маңында ҚТҚ-ны сұрыптауға және көмуге тыйым салынған.

Өз кезегінде мердігер ұйым ҚТҚ-ны Қосшы қаласынан 50 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан Астана қаласының полигонына тасымалдаған. Бұл ретте ҚТҚ-ны Астана қаласының полигонына дейін тасымалдау мен оларды өткізу шығындарының орнына ҚТҚ-ны сұрыптау мен көмуге арналған шығындар тарифке негізсіз енгізілген. 

— Сол себептен, Қосшы қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша шығындарды қайта есептеу жүргізіліп, нәтижесінде жеке (532 теңгеден 482 теңгеге дейін) және заңды (575 теңгеден 527 теңгеге дейін) тұлғалар үшін орташа өлшенген тариф құны 50 теңгеге төмендеді, — делінген хабарламада.

Жалпы қабылданған шаралардың нәтижесінде 37 мың тұтынушы (оның ішінде 200 бизнес субъектілері) үшін бір жылдық үнем 22,2 млн теңгені құрады. 

Бұған дейін Марат Ахметжанов Қосшы қаласы үлескерлерінің проблемасын шешуге уәде берді.

Соңғы жаңалықтар