Марат Ахметжанов Қосшы қаласы үлескерлерінің проблемасын шешуге уәде берді
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласындағы тұрғын үй үлескерлері мәселесінің толық шешілетінін айтып, сендірді.

- Біз инвестор тауып, әкелдік, қазір 9 қабатты 100 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталады. Қосшының қала күніне аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы барлық үлескердің мәселесін 100 пайыз шешеміз. Биыл жоспар бойынша шешетін боламыз, себебі сот үкімдері бар, құрылтайшы тұлғалар сотталды, - деді Марат Ахметжанов облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп бере тұрып.
Айта кетсек, Қосшы қаласындағы үлестік құрылыс мәселесі көп жылдар бойы шешілмей келеді.
Осылайша облыс басшысы жақын арада барлық үлескер өз пәтерін алатынына сендіріп отыр. Десек те мәселе кезең-кезеңімен шешіледі.
Сондай-ақ Марат Ахметжанов салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен жеке танысқанын тілге тиек етті.
Бұған дейін өңір басшысы Көкшетау қаласында 150 ескі тұрғын үй реновациядан өтетінін айтты.
Айта кетейік, биыл Ақмола облысының шаруалары 6,6 млн тонна рекордтық астық жинады.