Қосшы тұрғынын бірнеше жерден пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы Қосшы қаласы тұрғынының өліміне қатысты қылмыстық іс тергелуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қосшы тұрғынын бірнеше жерден пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың 15 қаңтарында кешкі сағат 22:45 шамасында Қосшы қалалық ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, пышақ жарақатын салу оқиғасының куәгері болғанын айтты.

«Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобының қызметкерлері жетті. Тәртіп сақшылары жеткенде 56 жастағы ер адам іші, мойын, сол жақ иық және шеке тұсына салынған пышақ жарақатынан көз жұмған. Осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол көз мерт болған адамның 57 жастағы танысы болып шықты. Күдікті бұрын сотты болмаған, ол бірден қамауға алынды», - деді ведомстводан.

Анықталғандай, ер адамдар бірлесіп, алкоголь ішімдік ішкен. Кейін араларында жанжал туындап, күдікті бөтелкелесіне пышақ салады. Оқиға орнынан 4 пышақ тәркіленді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.