11:30, 18 Наурыз 2014 | GMT +5
Қосшының жолында тағы шу шықты - Ақмола облысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Қосшы кентінің тұсында көлік инспекторының жүкті алып өтуге қатысты рұқсат құжаттарды көрсету туралы талабын елең қылмаған автокөлік жүргізушісі оны соққыға жығып, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Аталған оқиға 13 наурыз күні орын алды. «Хово» маркалы автокөлік қарсы жолақ арқылы автоматтандырылған салмақтау аркасынан өтіп кеткен. «Автокөлік құралдарын тексеру үшін белгіленген уақыт тәртібіне сәйкес, бақылау бөлімінің қызметкерлері көлікті тоқтатуға тырысқан. Алайда «Хово» көлігінің жүргізушісі инспекторлардың талабын елең қылмаған. Бірнеше талпыныстан кейін машина тоқтатылды, бірақ инспекторға құжаттарды көрсетудің орнына жүргізуші оған қарсы шабуыл жасап, көлігіне мініп, оқиға орнынан кетіп қалған», - делінген хабарламада. Сол күні оқиға полицияда тіркеліп, ауыр жүк машинасының жүргізушісі құқық сақтау органдарының қызметкерлерімен қамауға алынды. Инспектордың өтініші аудандық ішкі істер бөлімшесіне жіберілді.