Коста-Рика өкілі БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқаратын алғашқы әйел болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті және БҰҰ Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) қазіргі президенті Ребека Гринспан күтпеген жерден БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткер ретінде көш бастады, деп хабарлайды The Guardian.
Жабық өткен бірінші алдын ала дауыс беруде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты және он тұрақты емес мүшесі әр кандидат бойынша өз ұстанымын анықтауы керек болды — қолдау, қарсылық білдіру немесе үнсіз қалу.
Сауалнама барысында Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті мүмкін 15 дауыстың 10-ына ие болды. Гринспан сондай-ақ қатар төрт «пікір жоқ» және бір «қарсы» дауыс алды. Оның кандидатурасына кім қарсы шыққаны хабарланған жоқ.
Сайланған жағдайда ол БҰҰ Бас хатшысы қызметін атқаратын алғашқы әйел болады.
Греспанның ең жақын қарсыласы Гайананың БҰҰ жанындағы бұрынғы елшісі Кэролайн Родригес-Биркетт болды, ол Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің тоғыз дауысын алды.
The Guardian жазуынша, Чилидің бұрынғы президенті Мишель Бачелетті қоса алғанда тағы үш кандидат ықпалды қатысушылардың айтарлықтай қарсылығына тап болған болуы мүмкін, сондықтан олардың сайлану мүмкіндігі өте аз.
БҰҰ-ның қазіргі Бас хатшысы Антониу Гутерриш екінші бесжылдық мерзімін 2026 жылдың 31 желтоқсанында аяқтайды. Аймақтық ротацияның қалыптасқан бейресми тәжірибесіне сәйкес, оның мұрагері Латын Америкасының өкілі болады деп шамаланып отыр. Ұйымның жаңа басшысы жыл соңына дейін сайлануы тиіс, ал кандидаттар бойынша негізгі шешімдер қазан айында қабылданады деп күтіліп отыр.
Бас хатшы болып сайлану үшін кандидат Қауіпсіздік кеңесінен кемінде тоғыз дауыс алуы және бес тұрақты мүше — Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания және Франция — ешқайсысының ветосына тап болмауы керек. Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысы бойынша кандидатты құрамына 193 мемлекет кіретін БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдауы тиіс.
Бұған дейін Сушила Карки Непалдың алғашқы әйел премьер-министрі болғанын жаздық.