Сушила Карки Непалдың алғашқы әйел премьер-министрі болды

АСТАНА. KAZINFORM – Непалда алғаш рет әйел адам үкімет басшысы қызметіне келді. Елдің Жоғарғы сотының бұрынғы төрайымы Сушила Карки уақытша үкіметтің премьер-министрі ретінде ант берді, деп хабарлайды Khabarhub.

Сушила Карки Непалдың алғашқы әйел премьер-министрі болды
Фото: Khabarhub

Ресми инаугурация рәсімі Катмандудағы президент сарайы – Шитал Ниваста өтті. Каркидің тағайындалуы әскерилер, президент және жақында өткен жаппай наразылықтарға бастамашы болған Gen-Z жастар қозғалысы өкілдері арасындағы екі күндік келіссөздердің нәтижесінде жүзеге асты.

Жаңа премьер-министр алғашқы шешім ретінде парламентті тарату туралы бастама көтерді. Бұл шешім ант қабылдау рәсімінен кейін өткен жаңа министрлер кабинеті отырысында жарияланды.

– Парламент таратылды, президент бұл шешімді қолдап, құжатқа қол қойды. Ұсынысты мен енгіздім, олар келісті және мақұлдады, – деді Сушила Карки.

Алдағы күндері уақытша үкіметтің құрамы кеңейтіледі деп күтілуде. Карки бұл қадамды Gen-Z қозғалысының саяси реформа мен институционалдық жаңғыруға қатысты ұзақ жылғы талабын орындау бағытындағы маңызды шешім деп атады.

Сушила Карки Непалда заңгер әрі реформатор ретінде кеңінен танымал. 2016-2017 жылдары ол Жоғарғы сотты басқарған алғашқы әйел болды. Сол кезеңде ол жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытып, ашықтық пен заң үстемдігі қағидаттарын қорғады.

Еске салайық, 8–9 қыркүйекте Непалда бірқатар мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің жұмысына шектеу қойылғаннан кейін жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Наразылықты студенттер мен Gen-Z қозғалысының белсенділері басқарды.

Непал Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, тәртіпсіздіктер кезінде 51 адам қаза тауып, 1 мыңнан астам адам жарақат алған. Полиция 15 мыңнан астам тұтқынның қашып кеткенін хабарлады. Мемлекеттік инфрақұрылымға келтірілген шығын $1,4 млрд-тан асты.

Бұған дейін Непалда министрлердің тікұшақпен эвакуацияланғаны туралы хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар