Қостанай қаласы әкімінің орынбасары қамауға алынды

«2014 жылғы 11 шілдеде «Қостанай қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» ММ «Қостанай қаласы Челябинск көшесі бойынша көлікті тіркеу және жүргізушілік куәлігін беру қызметтерін көрсететін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы» нысаны бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауға электрондық сатып алу арқылы байқау жариялаған. Байқау қорытындысы бойынша «Сыл» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Онымен 2014 жылғы 23 тамызда 826 614 334,56 теңгеге көрсетілген нысанның құрылыс-монтаждау жұмысын орындауға шарт жасалды. Құрылыс салу мерзімі 2015 жылғы тамызға дейін. 1 тамыз күні сағат 15-тер шамасында Қостанай қаласындағы «Premium Palac» мейрамханасы ғимаратының алдында М.Қалиев тендерде жәрдемдескені және одан әрі қолдау көрсететіні үшін аталған ЖШС басшысынан 13 000 000 теңге көлемінде қолма-қол ақшалай қаражат алған. М.Қалиевке ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлімі 3-тармағында көзделген қылмыс жасады деген айып тағылуда», делінген хабарламада. Қаулы заңды күшіне енген жоқ. Үш тәулік ішінде жоғарғы сотқа шағымдануға болады.